Тәуелсіздікке тағзым
Азаттықтың ақ таңы жолында ерлік еткен әр азматтың есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Ұлытау облысында Тәуелсіздік күніне тәу ету іс-шарасы құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
«Ұлтымыздың осы уақытқа дейін бастан кешірген қиындығы аз болған жоқ. Бүгінде облысымызда егемендік үшін ерлік көрсеткен 37 айбынды азаматымыз тұрады. Олардың жанқиярлығы мен қайтпас қайсарлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталуы қажет.
1991 жылғы 16 желтоқсан – ел тарихындағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн» – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Сонымен қатар тағзым етуге арналған жиында Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, желтоқсан оқиғасының қатысушысы Қасиет Шәкенова жерлестерді қастерлі күннің маңызына тоқталды.
Қазақстанның жаңа дәуірге аяқ басуының алғышартындай болған ұлық мереке Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.