Тұрғындар мәселесі – назарда

Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы кезекті жеке қабылдауын өткізді. Мәселесін жеткізу мақсатында бас-аяғы алты азамат өтінім білдірген.

Владимир Ерофеев аймақ басшысына «Автомобилист» саяжай кооперативінің айналасындағы жағдайының мәселесін жеткізді. Нұркен Алпысбаев өз кезегінде денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныс білдірді. Ғазиз Сархановтың үндеуі де осы салаға қатысты, яғни, Жезқазған тұрғыны өз баласына операция жасауға көмек сұрайды.

Ұлытау облысындағы «JORYQ» ат спорты федерациясының басшысы Марғұлан Колов «Ұлы Дала Жорығы» жарысына қатысуға қаражат бөлу туралы сұрақпен келді. Лариса Булавскаяның («Сәтбаев минералды және жеміс сулары зауыты»ЖШС) мәселелері инвестициялық жобаны іске асыруға және шарттық міндеттемелерді орындауға қатысты болды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің қабылдауына Жаңаарқа ауданының тұрғыны жазылған. Мадияр Ерубаев тұрғын үй мәселесімен жүгінді.

Облыс әкімі мен бейінді ведомстволар мен мекемелердің мамандары қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлығына түсініктеме берді.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы әр бейсенбі сайын азаматтарды қабылдайды. Алдын ала жазылу 8 (7102) 60-02-96 телефоны бойынша жүзеге асырылады.