SММ маман деген кім?
SММ маман – әлеуметтік желідегі контент жасаумен және әлеуметтік желі арқылы белгілі бір жобаның жарнамасын жасаумен айналысатын маман. Қазір ірі компаниялар мен ірі банктердің барлығы SММ басқармаларын құрып тастады. Өйткені бұрын адамдар Call-орталыққа қоңырау шалатын болса, қазір интернет арқылы сұрақ қояды. SММ басқармалары сол интернет арқылы онлайн жауап беру үшін жұмыс істейді. Олар әлеуметтік желі арқылы оқырманға материалдар ұсынады. Ол фото, аудио, видео түріндегі жарнамалық материалдар, түсіндіру материалдары болуы мүмкін.
Әлеуметтік желі мен SММ бағытында жұмыс істеу қазіргі таңда, әсіресе, қазақ тілді аудитория үшін маңызды. Өйткені біздің қазақ аудиториясында шамамен 3 млн. адам Instagram-да отыр. Дәл осы шамадағы адам «Ютуб-та» отыр. Қазақстанда қазақ тілді ютубты көп көреді екен. Сол ютуб пен инстаграмға арналған контент жасап, оны дамытса, газет сол жерден де өз оқырманын таба алады. Сондықтан SММ маман дайындап, оны сайтқа жұмысқа тарту өте маңызды.
«Қазір Алматыдағы Халықаралық IТ-Университетте SММ деген бөлек мамандықты оқыта бастады. Бұл өте дұрыс. SММ мамандарын бөлек оқыту керек. Олардың саны болашақта журналистерден де көп болады», дейді мамандар.