Шырайлан, Ұлытау-Жезқазған!
Туған жер әркімге де ыстық әрі жаныңа жақын болады ғой. Сондықтан да, Мемлекет басшысының ұйғарымына сәйкес, бұрынғы Жезқазған облысының қасиетті «Ұлытау» атауымен қайта құрылатынын естігенде қуанышым қойныма симай, қолыма қалам алдым. Кезінде Жезқазған облысының таратылуы қалай күтпеген жерден болса, қайта құрылуы да мен үшін аяқ астынан шешілгендей болды.
Тәубе, өткенімізді қанша ғайбаттасақ та, бүгінгі күні оның тиімді жақтарын мойындап, соларға қайта оралып келе жатқандаймыз…
Қазақ металлургиясының қарашаңырағы атанған, ұлтымыздың бірегей ғалымы Қаныш Сәтбаев еңбек жолын бастаған Қарсақбай кентіндегі орта мектепті бітірдім. Бір жыл еңбек етіп, Алматыдан жоғарғы оқу орнын тәмамдап, елге келген кезімде Жезқазған облысы құрылған еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қатардағы маманнан бастап, екі облыстық ауыл шаруашылығы құрылымдарын басқардым. Содан Жезқазған облысының Қарағанды облысына қосылуы кезеңінде екі ауданнан (Ақадыр, Шет) біріктірілген Шет ауданына қоныс аударып, қызмет атқардым. Демек, бұл аймақтың облыс болғандағы және бұл мәртебеден айырылған кезеңдеріндегі жайттардан біршама хабардармын.
Жезқазған облысы құрылғаннан тарағанға дейінгі аралықта облыстың бірінші басшылары Константин Лосев, Қамза Жұмабеков, Николай Давыдов, Евгений Ежиков-Бабаханов, Альберт Саламатин, Шәріпбек Шардарбеков, Қажымұрат Нағыманов, Ерлан Смайылов болды. Бұл орайда, әсіресе, облыстың құрылуынан бастап басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Константин Семенович Лосевтің, облыстық атқару комитетінің төрағасы Қамза Бижанұлы Жұмабековтің, нарыққа өтпелі кезеңде еңбек еткен облыс әкімі Қажымұрат Ыбырайұлы Нағымановтың есімдерін мақтанышпен атағым келеді.
Облыс аумағында одақтық дәрежедегі Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия, Ақшатау кен-байыту, Балқаш кен-металлургия, Жәйрем кен-байыту комбинаттары, Жезді марганец, Атасу темір кені орындары толық қуатында жұмыс атқарды.
Ауыл шаруашылығы саласында 61 мемлекеттік шаруашылық құрылымдары (совхоздар), үш құс фабрикасы азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысты. Мал саны, орта есеппен: қой – 1200 мың, ірі қара – 110 мың, жылқы – 45,0 мың, құс – 900,0 мың, шошқа – 1,0 мың бас болды. Мысалы, сол кезде Жезді ауданының бір ғана Байқоңыр совхозында қой саны 100,0 мың бас болды. Бүгінде бұл өңірдегі жалпы қой саны бұған жетер ме екен?! Негізінен, бұрынғы Жезқазған облысы аумағында шалғай жайылымдық, (отгонное животноводство) әсіресе, жылқы, қой шаруашылықтарын өркендетудің арқасында одақ деңгейінде өте сапалы, өзіндік құндары мейлінше төмен мал өнімдері өндірілді. Содан да, бүгінде халық арасында «Жезқазған өңірінің мал өнімдері дәмді, нәрлі болып келеді» деген сөз жиі айтылады. Еліміз бойынша жоғары бағаланып жүрген аса құнды, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтары да облыстың Ұлытау, Жезді, Жаңаарқа, Шет аудандарында қалыптасты.
Иә, енді бұл өңір қайта түлейтіндей болып отыр, яғни, мәселе бұған дейін біршама ескерусіз, шеттеп қалған өңір мүмкіндіктерін қайта жандандыруда болса керек. Жезқазғанда облыс әкімдігінің ғимаратынан бастап, бұрын облыстық мекемелер қоныстанған ғимараттардың көбісі азды-көпті іс-шаралардан кейін қайыра сол мақсатта пайдалануға жарамды болуы тиіс. Өндіріс орындары да өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты қызметтерін атқара береді.
Басты мәселе аймақтың ауыл шаруашылығы саласына айрықша мән беріп, өркендетуде сияқты. Жасыратыны жоқ, бұл аймақтың ауыл шаруашылығы өндірісі кезінде «көш басында боламыз» деген асығыстықтан ауыл реформасында, жекешелендіру кезінде орын алған көптеген кемістіктердің зардабын күні бүгінге дейін шегіп отыр.
Енді не істеу керек? Жоғарыда айтылғандай, шалғай орналасқан жайылымдық мал шаруашылығын дамыту басты қажеттілік деп есептеймін. Әрине, бұл жерде бүгінгі шағын, орта шаруашылық құрылымдарымен бұл маңызды іс-шараны толықтай игеру мүмкін емес, оны отыз жылдық тәжірибе де дәлелдеп отыр. Демек, менің көптен бері айтып жүргенімдей, бос жатқан шалғай жайылымдықтарда мемлекеттік бола ма, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде ме, әйтеуір, ірі шаруашылық құрылымдарын ұйымдастыру қажет. Оның тиімділігі көп күттірмесі күмәнсіз. Міне, осыны Ұлытау облысының болашақ басшылары ескерсе екен деймін.
Енді бір күрделі мәселе жаңадан құрылатын облыстың шекарасын анықтауда болатын сияқты. Ол да түсіністікпен шешіледі деген ойдамын.
* * *
Қуанышымның айғағы ретінде өзімнің еңбек жолым, қызметтес болған асыл азаматтар, өмірден түйгендерім мен түбегейлі тұжырымдарым туралы баяндайтын, бүгінде баспаға тапсырылған «Көз көргендер» атты кітабымды бұрынғы Жезқазған облысының Ұлытау облысы болып қайта құрылуына арнаймын.
Кәкімжан САРХАНОВ,
Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академигі,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
НҰР-СҰЛТАН қаласы.