ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ 15 МЫҢ ГЕКТАР АУМАҒЫНДА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҮРУДЕ

Ұлытау облысы әкімінің өкімімен құрылған арнайы штаб өңірде шегірткемен күресу жұмыстарын жүргізуде. Биыл облыстың 15 мың гектарға жуық аумағына зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, қазіргі күні оның 10 190 гектар аумағы залалсыздандырылып үлгерді. Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы залалсыздандыру жұмыстарының нәтижелі болуын бақылауда ұстауды тапсырды.

«Өздеріңіз білесіздер, өңдеу жұмыстары көрші облыстарда да белсенді өтіп жатыр. Сәйкесінше зиянкестердің біздің өңірге көшіп келу ықтималдығы жоғары. Сол себепті де дер кезінде олардың таралу ошақтарын анықтап, химиялық өңдеу жасалуы керек және ол нәтижелі болсын», – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жалпы биылғы жоспар бойынша облыстың 15 мың гектарға жуық аумағын залалсыздандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ Ұлытаумен шектесетін алты облыспен (Қостанай, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл) шегірткетектес зиянкестердің қанаттану және шағылысу кезеңдері аралығында ересек жәндіктердің санын анықтау үшін жазғы фитосанитариялық мониторингті бірлесіп жүргізуге келісімдер жасалған.