Саяхаттау ешқашан кеш емес – Сәрсенбай Қотырашов

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде жиһанкез-марафоншы Сәрсенбай Оспанұлын кезекті саяхатқа шығарып салу рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Сәрсенбай Оспанұлы 6 ай ішінде еліміздің 17 өңірін жаяу аралап, 8000 шақырымды артта қалдырып, рекорд орнатқан еді.

Келесі меже – жер шарын бағындыру. Қалың көпшілікке үлгі болып, мотиватор атанған жиһанкез қария 2 тамызда Атырау қаласынан жаяу шығып, Астрахань қаласына бет алмақшы. Астраханнан кейін Дағыстан арқылы Шешенстаннан өтіп, Осетия арқылы Грузияға жетіп, биылғы сапарын Түркияда аяқтамақ.

Ұлт мұрасын түгендеп жүрген қазыналы қария Түркияға жеткен бойда, Халықаралық Түріксой ұйымына және ҚР-ның Түркиядағы Елшілігіне жолығуды жоспарлап отыр. Ондағы басты мақсаты – ұмыт болған қымыз мерекесін қайта жандандырып, дәстүрлі түрде жылда атап өткізу туралы ұсыныс жасау.