Құрылтай сайлауы: маңызды саяси науқанға дайындық қызу жүргізілуде

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға дайындық жұмыстары барлық өңірде, соның ішінде Ұлытау облысында да жүйелі түрде жүргізілуде.

Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық үдеріс. Сайлау барысында азаматтар өз таңдауларын жасап, елдің алдағы даму бағытына қатысты ұстанымдарын білдіреді.

145 депутат сайланады

Алдағы сайлауда Қазақстан Республикасы Құрылтайының 145 депутаты сайланады. Депутаттар саяси партиялардың партиялық тізімдері арқылы сайланады.

2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Құрылтай депутаттығына үміткер 7 саяси партияның партиялық тізіміне 545 кандидат енгізілген. Олардың қатарында әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар да бар. Жалпы кандидаттардың 43,9 пайызын осы санаттар құрайды.

Орталық сайлау комиссиясының жеребе тарту қорытындысы бойынша сайлау бюллетенінде саяси партиялар мынадай ретпен орналасады:

1. «Әділет» партиясы;
2. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия»;
3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
4. «Қазақстан Халық партиясы»;
5. «Ауыл» партиясы;
6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы;
7. «Respublica» партиясы.

Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Ұлытау облысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Өңірде барлығы 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде медициналық мекемелер мен уақытша ұстау изоляторларында орналасқан учаскелер де бар.

Өңірде 138 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінде дауыс беруге қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, сайлау құжаттарын дайындау, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Сайлаушы үшін маңызды ақпарат

Сайлауға қатысатын әрбір азамат өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін алдын ала тексергені жөн. Бұл – дауыс беру күні туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Егер азамат 23 тамыз күні өзінің тұрақты тұрғылықты жерінде болмайтын болса, заңнамада белгіленген тәртіппен есептен шығару куәлігін пайдалана алады.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да белгіленген заң талаптарына сәйкес жүргізілуде. Саяси партиялар сайлаушылармен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, азаматтардың сұрақтарына жауап беруде.

Белсенді азаматтық ұстаным – ел болашағына үлес

Сайлау – азаматтардың өз пікірін білдіретін маңызды қоғамдық-саяси құрал. Сондықтан әрбір сайлаушының өз құқығын пайдаланып, сайлауға белсенді қатысуы маңызды.

Құрылтай депутаттарын сайлау – елдің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезең. Алдағы сайлаудың ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуі үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде.

23 тамызда әр азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіре алады.