Құрметті Жүрсін МОЛДАШҰЛЫ!
Сізді 70 жастың желкенін керген мерейлі қуанышыңызбен дарыны дара төл перзенттерін ұлықтай білетін Ұлы Дала Ұлытауының қалың жұртшылығының және жеке өз атымнан ақтұма пейілді алға оздыра отырып, шын жүректен құттықтаймын!
Хакім Абайдың «Сүйер ұлың болса, сүй, сүйінерге жарар ол» деген тағылымды тәмсіл іспетті сөзінің мәні мен мағынасын туған еліңіздің төсіндегі тұмарлы халықтың Сізге қарап, тағы бір мәрте пайымдағаны – дау тудырмас ақиқат. Мұның себебін он саусақты санамалап сарқу, әсте, мүмкін емес. Солардың ең бастысы – Ұлытауда дүние есігін ашып, есейе келе Ұлт ұланына айналған таланты тас жаратын ұлдың қазақ қоғамы мен руханиятына сіңірген еш өлшемге сыймас еңбегі. Ал нақтылай түссек, бабалардан қалған қымбат қазына – айтыстың тамырына «қан жүгіріп», тың болмыс, жаңғырған бітімде ортаға қайта оралуы. Көкірек көзі ояу кез келген қазақ баласы дәл сол еңбегіңіз үшін Сізді айрықша қастер тұтуы тиіс. Бүгінде ел аузында «Жүрсіннің жүйріктері» аталып кеткен айтыс ақтаңкерлерінің қалыптасуы – Сіздің қапысыз қарекетіңіз бен қайраткерлік қалпыңыздың жемісі. Бұл – қадіріңізге жеткен қалың бұқараның байыпты бағасы! Халықтың бағасы – қапысыз баға!
Бұдан тысқары, сүбелі сөзге іңкәр ел Жүрсіннің көсемсөздегі қарымы мен қабілетіне тамсана тәнті болып келеді. Өлеңдегі өреңіз де тым биік. Тұңғышыңыз «Жанартау» жыр жинағынан кейін дүркін-дүркін дүниеге келген кітаптарыңыз – өлең өлкесіндегі өзіңізге тән қайталанбас қолтаңбаны айшықты ете түскен туындылар. Міне, сондықтан да, мәртебелі поэзия патшалығында Сіз бағындырған биіктік – Ұлытаудағы Әулиетау шыңындай асқақ!
Мерейлі сәтте Сізге темірдей мықты денсаулық, қажымас қайрат-жігер, шаңырақ шаттығын тілеймін.
Еңселі күйде еркін тыныстап, ғасыр белесін бағындыру нәсібі бұйырсын!
Зор құрметпен,
Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,
Ұлытау ауданы әкімінің міндетін атқарушы.