Құрмет төрінде – еңбек адамдары
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Биыл бұл атаулы күнге ерекше маңыз берілді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны себеп болды.
Жалпы, біздің қоғамда еңбек адамына құрмет пен қошемет қашаннан бірінші кезекте. Еліміздің дəулетінің тасып, мейманасының асуына осы еңбек адамдарының қосып отырған үлесі қомақты. Сондықтан олардың ерен еңбектерін келер ұрпаққа үлгі етіп, дəріптеп отырамыз. Бұл жұмыс келер жылы тіптен жандана түсетін болады. Ал, оған негіз бүгіннен қалануда. Жуырда аталып өткен еңбек күні соның айқын айғағы.
Ауданның негізгі саласы ауыл шаруашылығы болғандықтан атаулы мерекенің қонақтары да ауыл шаруашылығы еңбеккерлері болды. Мерекеге ауыл қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы салалық кəсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалы мұрындық болды. Филиал төрағасы Мақсұт Оспанов қоғамды дамытуда еңбек адамының басты орын алатынына ерекше тоқталып, еңбек адамына құрмет көрсету, еңбегін бағалау, еңбегін үлгі тұтып, насихаттау бағытында аянбай жұмыс істеп жатқанын айтты.
Кездесуге қатысқан еңбек ардагері, Республикалық кəсіподақ ұйымының ресми өкілі Шаяхмет Үмбетов, аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту, аудандық ішкі саясат бөлімі басшылары Нұрлан Қасымбеков пен Азамат Каренов еңбек адамдарына деген ізгі тілектерін білдірді.
Шара соңында кəсіподақ ұйымы филиалының төрағасы аудандық мəдениет үйінде 25 жылдық еңбек өтілі бар Əділбай Исаевты, сондай-ақ Алғабас ауылынан Əшімбек Мұқышевқа Республикалық кəсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дəулеталиннің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.