Отбасы – қоғамның алтын діңгегі

Ұлытау ауданының «АМАNАТ» партиясы ғимаратында Халықаралық отбасы күніне орай, шаңырақ шырайын кіргізіп, отбасы құндылықтарын қастер тұтқан, өнегелі отбасылармен кездесу өтті. Аталған шара «АМАNАТ» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Әсерлі басқосуды аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Жұмабаева жүргізді. Тағылымды шараға отбасын құрғандарына 50 жыл толған еңселі шаңырақ иегерлері Қуаныш Мұханбетов пен Алтынсары Оразбекова, Серік Мұсабеков пен Фанзила Мұсабекова және аудандағы үлгілі отбасының бірі – Марат Дүкенбаев зайыбы Шынар Ахметовамен қатысып, өңірдегі жас отбасылармен ашық диалог форматында ой бөлісті.
Дөңгелек үстел басында ұрпағына мақтаныш болып отырған қазыналы жандар отбасы құндылықтарына кеңінен тоқталып, жанұядағы татулықтың, бірліктің, өзара құрмет пен сыйластықтың өнегесін көрсете отырып сөйледі. Өмірден түйгені мол ұлағатты отбасылар жастармен жүздесу барысында отбасы тәрбиесіндегі ортақ мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жолын көрсетіп, отбасы тақырыбында әсерлі әңгіме өрбітті.
Мәнді басқосуда «АМАNАТ» партиясы Ұлытау аудандық филиалының атқарушы. хатшысы Думан Жұманов отбасының қоғамдағы рөлін ұлағатты сөзбен айшықтап, әңгіме барысында отбасы туралы кеңірек әңгімелеп берді.
Жиын түйінінде, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кәренов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Негізінде, бұл басқосу отбасы күніне орайластырылып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, қоғамдағы отбасылық институттың рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған тағылымды шара.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.