Қоршаған орта – қастерлі қазына
Табиғат – адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қастерлі қазынасы. Адам табиғаттың туындысы ретінде онымен біте қайнасып, өзінің өміріне қажетті азық қорын алады. Бұдан бөлек, табиғат – қаншама аң-құстардың мекендейтін орны. Осыны ескере келгенде, адамзат баласының табиғатты аялауы, оның ішінде, орман-тоғайлардың сақталуына көңіл бөліп, мүдделілік танытуы – заңды құбылыс.
Бүгінгі күні көптеген азаматтардың табиғатымызды көзіміздің қарашығындай қорғау талабына назар аудармайтыны көңілді құлазытады. Мұндай жағдайлар, әсіресе, жаз маусымында көбірек орын алады. Оның басты себебі – жаз айларында демалыс кезеңі көп болатыны белгілі. Бұл кездері табиғат аясына шығып тыныстағанды, балық аулағанды ұнататындар қатары өте көп болатыны рас. Міне, осындай сәттерде демалысқа шығушылар далада, орман-тоғай арасында от жағып, тамақ пісіреді. Ілуде бірі болмаса, солардың басым дені жаққан отына мұқият болуға, яғни, оның шоғын сөндіріп, күлін көміп тастауға, өздері босатқан ыдыстарды немесе басқа да қалдықтарды жинап, алып кетуге құлықсыздық танытады. Мұны беріден салсақ – салғырттық, әріден алсақ – табиғатқа, жалпы қоғамға жаны ашымағандықтың белгісі деген жөн.
Осы орайда, табиғатқа зиян келтірушілер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, жазалануға жататынын біле жүргендері жөн.
Табиғат – біздің анамыз! Ал, ананы аялау – азаматтық парызымыз.
Табиғатты қорғау – баршаның ісі.
Батырбай БЕКМАҒАНБЕТОВ,
«Ұлытау» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің инспекторы.