Олжас Бектенов: Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық мәдениетті, туған жерімізге деген жанашырлық сезімді қалыптастырады
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Премьер-Министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа, туған жерімізге деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Президент бастамасы бүгінде үлкен қоғамдық қозғалысқа және мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды.
«Еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге және табиғи байлығымызды сақтауға тұрғындар да барынша атсалысып келеді.
Білім ошақтарында “Адал азамат” бірыңғай бағдарламасы аясында балаларға экологиялық тәрбие беру жұмыстары жүргізіледі. Аталған іске ата-аналар мен ұстаздар қауымы да қатысуда. Мұндай экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Бәріміз осы бір қарапайым ғана қағиданы үнемі жадымызда ұстағанымыз абзал. Әлемнің дамыған елдерінде бұл қалыпты жағдайға айналған. Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз, сондықтан оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Өскелең ұрпақтың бойында осы қасиеттерді оятуға тиіспіз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.