Олжас Бектенов халықтың шағымдары туралы: сумен жабдықтау саласындағы кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет

Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов сумен жабдықтау және су тарту жобалары бойынша кестеден кеншігіп жатқан бірқатар өңірді атады. Тек бірінші жарты жылдықтың өзінде мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен. Тиісті ведомстволарға жұмыстарды тезірек аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.

Мәселен, Су ресурстары мен ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің алдына қысқа мерзімде елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеті қойылды.

«Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін Жезқазғанда су тазарту құрылысын реконструкциялау жобасын қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауы қажет.

«Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары министрліктері  мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.