Облыс бюджеті еселенді – аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау облысында бюджет көлемі салық базасының кеңеюі және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы өсіп отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ алаңында өткен брифингіде айтты.

«Алға қойылған міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – өңірдің қаржылық өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бүгінгі таңда облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құрайды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Бұл ретте жыл басынан бері облыстың өз кірістері 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Сондай-ақ, жыл басынан бері «Қазақмыс» компаниялары тобынан шоғырландырылған бюджетке түсетін түсімдер 116 млрд теңгеден астам соманы құрады, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш шамамен 140 млрд. теңге болады деп болжануда.

Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылға арналған бюджет жобасы нысаналы трансферттерді (бағалау) ескере отырып, 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылған, бұл биылғы жылдың басында бекітілген бюджеттен 1,3 есе артық.

«Әрине, республикалық ауқымда біздің халқымыздың саны көп емес, мысалы, біздің бюджетіміз еліміздегі ең аз бюджет және Қарағанды облысының бюджетінен 4 есе дерлік, Жетісу облысынан 3 есе және Абай облысынан 2 есеге аз. Бірақ, егер біз жан басына шаққандағыны алатын болсақ, онда көрсеткіштер негізінен жаман емес», – деді облыс басшысы.

Брифингіде сондай-ақ, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауданың тиісінше 4%-ға өсуі байқалып отырғаны айтылды.