Оқырмандар өзара сайысқа түсті
Ұлытау ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Оқитын өлке» жобасы аясында жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша «Кітап оқу лидері» тест-сайысы өткізілді. Іс-шара қалың қауымның риясыз ықыласына бөленген қарымды қаламгердің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Оқырмандарды тарихи көркем әдебиетті оқуға ынталандыру мен олардың ұлт тарихына қызығушылықтарын арттыруды мақсат тұтқан зияткерлік сайысында бақ сынаушылар қатарында 18-45 жас аралығындағы 13 қатысушы болды. Оларға «Көшпенділер» трилогиясы негізінде 80 сұрақтан тұратын тест беріліп, дұрыс жауапты белгілеу шарты ұсынылды.
Сайыс нәтижесін төрағалық тізгінді Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің жетекшісі Азат Сабыржан ұстаған, құрамында Ұлытау ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Ниязова мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айнұр Әбілхайырова бар құзырлы қазылар алқасы бағалады.
Жеңімпаздарға номинациялар бойынша дипломдар мен сыйлықтар табысталды. «Кітап оқу лидері» номинациясы бойынша Бас жүлдені Жанель Мейрамқали иеленді. I орынды Серікбол Аманжол мен Меруерт Бимағанбетова жеңіп алды. Гаухар Жанұзақова мен Қуантай Жабағин II орын жүлдесін иеленсе, Азамат Каренов, Жаңагүл Бекмағанбетова, сондай-ақ, Гүлназия Құрманбаева III орынға табан тіреді. Басқа қатысушылар да дипломдар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Сандуғаш ДҮЙСЕНБАЕВА,
Ұлытау ауданы орталық
кітапханасының әдіскері.