Өнерлі өрендер ордасы
Өткен жылдың желтоқсан айында кентімізге келген аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезді кентінде «Оқушылар сарайы» ашылатынын айтып, елді бір қуантып кетіп еді. Бұл көп басшылар айта беретін бос уәде болмады. Шын мәнінде жүзеге асырылды. Жуырда кентімізде әр баланың сапалы, лайықты білім алуына, жан-жақты болуына барынша жағдай жасау мақсатында «Оқушылар үйінің» филиалы ашылды.
Биылғы жыл қаншалықты күрделі болды дегенмен жезділіктер үшін ілкімді істерге толы жыл болды десек артық болмас. Көп жылдардан бері қазыналы өңір мұндай серпілістерді көрген жоқ еді. Көше жолдары жөнделіп, орталық алаң жаңғыртылды . Ел игілігін көретін өзге де бастамалар қолға алынды. Нәтижесі де айтарлықтай. Соның бірі көптен күткен Өнер мектебінің ашылуы.
Осы ордалы ошақтың ашылу салтанатында сөз алған Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталмыш білім ошағының Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы аясында ашылғанын, туған жерді, ауылды көркейтуге байланысты және қазіргі талапқа сай ауылды дамыту мақсатында жасалынған айшықты іс екенін тілге тиек етті. Аудан басшысы сондай-ақ, «Оқушылар үйіне» кенттегі екі мектепте білім алып жатқан ұл-қыздарымыздың мектептен тыс бос уақыттарын ұтымды пайдаланып, бойындағы әлі де ашылмай тұрған қабілеттерді ашу, өнер үйренуге, ұлттық құндылықтарымыз, ата-бабадан келе жатқан қолөнермен қоса адамгершілік, жауапкершілік, ұқыптылық, эстетикалық талғамды бала бойына сіңіру қасиеттерін дамыту, болашақта қоғамға және туған жеріне өз үлесін қосатын тұлға қалыптастыру жолында еңбек етуге жағдай жасалғанын атап өтті.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында құттықтап сөз сөйлеген кентіміздің ақ сақалды аталары батасын беріп, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты.
Өнерсіз адам болмайды, әр баланың бойынан бір өнердің ұшқыны көрінері анық. Осы сәтте ата-ананың міндеті – баланың бойындағы «ұшқынды» әрі қарай дамытуына бағыт-бағдар көрсетіп, баланы бейімдеу болып табылады. Бұл тұрғыда Өнер мектебінің атқарар еңбегі зор. Баланың өнерге деген қызығушылығын арттырып дамытуда біздің «Оқушылар үйінде» «Живопись-Кескіндеме», «Сәндік өнер», «Ұлттық қолөнер», «Робототехника», «Құммен сурет салу», «Тоғызқұмалақ», «Дойбы» сияқты түрлі үйірмелер ашылып, оларға өз саласын жетік меңгерген білікті мамандар, ұстаздар тартылды.
Үйірменің сапалы жұмыс атқаруына барлық мүмкіндік жасалған. Қазіргі таңда Оқушылар үйінде 80 оқушы өздері қалаған үйірмелерге қатысып, өнер үйреніп, тәрбиеленуде. Есігін айқара ашып жатқан мектеп болашақта кентіміздің, тіпті еліміздің абыройын асқақтатып, даңқын арттыратын түлектер ұшатын шаңыраққа айналары бек кәміл. Сіз бен біз осы жемісті, қуанышты сәттердің куәсі бола берейік.
Сандуғаш ЖАЙЛЫБАЕВА,
«Оқушылар үйі» филиалының меңгерушісі.
ЖЕЗДІ кенті.