ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫНДА МӘМС мүмкіндіктері түсіндірілді
Міндетті әлемуеттік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін әлі де көбіміз біле бермейміз. Содан болар оны іс жүзінде қолдана алмай, жүйеге мін тағып, сынаймыз. Осы ретте 2023 жылдың қаңтарында өз жұмысын бастаған медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы ақпараттандыру жұмысын күшейтті. МӘМС жүйесінің тиімді тұстарын әр азаматқа жеткізуге бекінген филиал мамандары жоспарға сәйкес осы аптада алпауыт өндіріс ошақтарында еңбеккерлермен кездесті.
«Қазақмыс» компаниялар тобын бетке алған түсіндіру тобы осы аптада Жезқазған мыс қорыту зауыты, Жезқазған түстімет өндірістік бірлестігі мен жылу электр орталығында болды. Екі мыңға жуық адамды қамтыған жиында филиал директоры Әлия Байтокова жүйе енгізілген төрт жылдың ішінде медицинаға бөлінген қаржы көлемі артып, соның есебінен медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жақсарып, тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбесі кеңейтілгенін тілге тиек етті.
Бұрын ана мен баланың денсаулығын қорғау, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы емделетін стоматологиялық көмек, оңалтудың барлық түрі, лабораториялық қызметтер, КТ, МРТ секілді қымбат қызметтерді әркім өз қаржысына алатын. Қазір мұның барлығы МӘМС есебінен төленіп отыр. Яғни осы қызметтер халыққа тегін ұсынылады.
Бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген оталар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру отасы, нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКҰ МӘМС жүйесінде қолжетімді болды.
Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын оталардың ішінде мысалы, құны 2 млн теңгеге жуықтайтын коронарлы шунттау отасы бүгінде МӘМС аясмында Жезқазған медициналық орталығында тегін жасалып жүр. Атап айтар болсақ, 2023 жылы аталған орталықтың кардиология бөлімінде коронарография әдісімен жүрек ауруы бар 365 науқас диагностикадан өтті. 196 азаматтың жүрегіне ота жасалып, тағы 217 облыс тұрғыны оңалту курсынан өтті.
Бұрын сәби сүюді армандап жүрген ерлі-зайыптылар экстракорпоральды ұрықтандыру кезегін жылдар бойы күтетін. МӘМС жүйесі енгізілгелі «Аңсаған сәби» барғарламасы шеңберінде жылына 7 мың квота бөлінетін болды. Кейінгі 3 жылда осы МӘМС-тің қаржыландыруымен елімізде 5 мыңнан аса сәби дүниеге келсе, былтыр Ұлытау облысында 25 жұп ата-ана атану бақытын сезінді. 2024 жылға біздің облысқа тағы 70 квота бөлінген.
МӘМС-тің осынау игілігі барын түсінген еңбеккерлер жиын соңында өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Басым көпшілігі емханалардағы үлкен кезектерге, бейінді мамандар, КТ және МРТ жолдамаларын ұзақ күтуге, медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына, білікті дәрігерлердің жоқтығына шағымданады. Консультативті-диагностикалық қызметтерге жолдама берілмейтін, тегін дәрі-дәрмекпен қамтуда іркілістер барын айтқан жұмыскерлерге медициналық көмекке қатысты мәселелер туындаған жағдайда, әр емханада бар «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіну ұсынылды. Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot, 1414 байланыс орталығы бойынша өтініш қалдыруға болатыны түсіндірілді. Сондай-ақ, Қордың Ұлытау облыстық филиалынан Омаров көшесі 7 үй, 2 қабат (2 кабинет) мекенжайында кеңес алуға немесе 8(7102) 99-61-05 нөмері бойынша хабарласуға болады.
Диана ОРАЗАЛИНА.