МУЗЕЙ – ӨҢІРДІҢ АЙНАСЫ
Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» атты ерекше мәдениіс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – ауыл жастарына туған жердің тарихын, ұлттық салтдәстүрді, рухани-мәдени мұраны кеңінен таныстыру және музейге деген қызығушылықты арттыру болды.
Кеш барысында келушілерге арналған тақырыптық экскурсиялар, этнографиялық көрмелер, тарихи тұлғаларға және Ұлытау тарихына арналған танымдық викториналық ойындар ойнатылды. Қолөнер бұйымдарын жасауға арналған шеберлік сағаттарында ауылымыздың қолөнер шебері Марғұлан Балабиев ер азаматтарға ат әбзелдерін таныстырады, қамшы өру жолдарын үйретті. Ұлттық нақыштағы тігін өнерінің шебері Шынар Ахметова қыз-келіншектерге қоржын тігуді көрсетті. Осылайша кеш қонақтары өздері жасап, шеберлерден тәжірибе алды. Жасалған бұйымдар — қазақ халқының тұрмыс-салтын, ұлттық ерекшелігін айқындайтын ерекше бұйымдар музейіміздің құнды жәдігерлеріне айналды.
Музей басшысы Рахат Шымбергенов құттықтау сөзсөйлеп, іс-шарада өз шеберліктерімен бөліскен шеберлерге алғысын білдіріп, сертификат табыстады. Халықаралық музейлер күніне орай, музей қызметкерлері де музей басшылығы атынан да марапаттады. Кешіміз Ұлытау аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Жаңагүл Кенжебаева домбырамен күй орындаса, әнші Мәдина Жұмабаеваның орындауындағы халық әндері тыңдарманның көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды. «Ұлытау сазы» этнофольклорлық ансамблі ерекше өнерімен көрерменді тәнті етті. Ансамбль «Жолбарыстың жорығы» атты шығарма орындады. Бұл шығарма арқылы тыңдарман бабалар рухын, ұлы даланың ерлікке толы тарихын сезінді. Күйдің әрбір үні еркіндікті аңсаған, жорығына бекінген жолбарыстың бейнесін көз алдымызға әкелді. Ұлттық аспаптардың үйлесімі, орындаушылардың шеберлігі мен рухани тебіреністі жеткізе білуі кеш көркін аша түсті. «Ұлытау сазы» тек ансамбль ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаған ұлттық өнердің жарқын көпірі.
«Музей түні» – бұл тек мәдени кеш емес, бұл – ұлттық құндылықтарға құрмет, тарихқа тағзым, болашақ ұрпаққа өнеге болған тағылымды шара. Осындай рухани іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына елжандылық, тарихи сананы сіңіру – басты мақсатымыз. Кешке қатысқан барша қонақтарға, өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.
Светлана ОМАРОВА,
Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.