Өмір жолы — ұрпаққа өнеге
Әкем Мұқан ШАБАНБАЙҰЛЫ (1908- 1971ж.) Ұлытау өңірінде өмірге келген. Ақтұмада қорымда жерленген. Жас кезінде үлкен Жезқазғанның шахталарында он жылдай жұмыс істеген. Еңбекқор әкем алдыңғы қатарлы кенші атанып, облыс басшылары тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Бірде үздіктерді марапаттау рәсімі кезінде ол кісіге сыйлық ретінде шетелдік костюм-шалбар беріліпті.
1942 жылы қазан айында Мұқан әкем соғысқа шақырылады. Ол 60-шы армия құрамындағы 138-ші миномет полкінде минометші болады. 1943 жылы 31 тамызда Кузино селосын азат ету кезінде және 1943 жылдың 27 қыркүйегінде Днепр өзенінен өту кезеңінде шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Батылдық үшін» медалімен, 1945 жылдың 19 маусымында «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен және тағы басқа да медальдармен марапатталған. Украинаның барлық қалаларын жаудан азат етіп, Польша мен Германияның шекарасында соғысты аяқтап, 1946 жылы елге оралады.
Мұқан әкем Ұлы Отан соғысынан елге оралған соң туыс-туғандарымен (Қасымбек,Асқар, Құрман, Бұқарбай, Жұпарбай, Әлтай, Ілім, Дүзбай, т.б.) бірге ата-бабаларымыздың байырғы қонысы – Ұлытау ауданы Ақтұма деген ауыл жұмысына араласып, бригадир, басқарма қызметтерін атқарыпты. Әкем совхоз малдарына жемшөп дайындаумен қоса, жер жыртқызып, жүгері еккізіп, мол өнім жинаған.
Ерге лайық мінезімен, еселі еңбегімен отбасына ғана емес, ел-жұрт арасында құрметке бөленген әкем жайлы айтылар естеліктер көп. Мұқан Шабанбайұлы әкемнің фәни ғұмырында жасаған игі істері бақи өмірінде сауапқа жазылар. Әкеміздің жарқын бейнесі, жақсы істері, тәлім-тәрбиесі жадымыздан өшпейді.
Әкемнің анасы Шекер әжеміз Тоғызауыл руынан. Қарсақбай жерін иеленіп отырған Қарсақбай, әкем Мұқанның туған қайнағасы, әжем Шекердің әкесі Сартайдың туған ағасы болып келеді. Сонда Қарсақбай бізге түп нағашы болады.
Шекер әжеміз 23 ақпан 1967 жылы Ақтұма ауылында өмірден өтті, Шабанбай атамыз да сол тұрғылықты туған жерінде отбасы зиратында жерленген.
Ерте ғасырда Жезді мен Жезқазған аумақтағы жер өлшемдері Қарсақбайдың (нағашымның) иелігінде болған. Бертінде бұл өңірде ағылшындар мыс зауытының дамуына өз үлестерін қосқан.
Мұқанның әкесі Шабанбай атамыздың көпшіл, құрметті адам болғаны, ел аралап жүргенде қонған үйлерінде қыз бала болса құда түсе береді екен. Сонда ел адамдары «Шабанбай-ау, Мұқан мен Оқас екі-ақ ұлың бар, неге құда түсе бересің?»,- деп сұраса, «Мұқан алар, Мұқан алмаса, Оқас алар, Оқас алмаса, оқасы жоқ» — дейді екен.
Әкем Мұқан мен анам Ұлболсын бізді өте жоғары деңгейде тәрбиеледі. Анам Ұлболсын төртқара әулетінен. Ерден сұлтан тұсында Төртқара болысын ашу үшін Семейден қырық жанұя көшіріліп, төртқара болысы құрылып, болыс басшысы болып төртқара ұрпағынан Көккөз атамыз сайланған. Кеңес үкіметі келгенде байлардың малын тартып алған кезде, Күнеділ атамыз болыс болып, оның старшынасы Бәдек нағашысы еді. Бәдектен Сүлеймен және Әбдібек тарайды, ал Әбдібектен Жәмеш, Ұлболсын және Түсіп дүниеге келген.
Менің туған нағашым Әбдібек мінезді, бұзықтау кісі болған екен. Совет үкіметінен туған-туыстарымен тұрған жерлерінен қашып шығып шетелге бет алады. Бұл кез 1933-1934 жылдардың шамасы, шешем Ұлболсын 11 жаста екен, менің әкеме атастырылып құдалық шарты жасалып қойса керек.
Содан қайын жұрты менің әкем Мұқанға хабар жіберіпті: біз шетелге көшіп барамыз, бәлен күні сіздердің жерлеріңізден өтеміз, сол жерде айттырған қалындықтарыңды күтіп тұрып алып қалыңдар, болмаса біз «қызылдардан» қашып келеміз тоқтамаймыз, кете береміз депті. Содан айтқан күні әкем Мұқан атпен көшті күтіп алады, көш тоқтамайды, арттарында қуғыншы қызыл әскер келе жатыр. Сондықтан менің Ұлболсын шешемді 11 жасында көштен түсіріп, әкеме тапсырып, көш Сарысу өзеніне қарай кете береді. Әкем Мұқан Ұлболсын шешемді ауылға алып келіп, Қарсақбайдың қарындасы — шешесі Шекер әжемнің қолына тапсырады. Содан шешем балиғат жасына жеткенше, Шекер әжемнің қолында өсіп, ержеткесін әкейге қосқан екен.
Әбдібек баска елге қоныс аударып бара жатқан жолында қызыл әскерге қоршауына ұсталып, Сарысу өзенінде болыстың мөрін суға тастап жіберген. Совет үкіметі Әбдібекке іс қозғап оны он жылға бас бостандығынан айырады, тоғыз жылдан кейін түрмеден босатылған. Шет еліне қоныс аударған туыстарынан Отан соғыстың алдында бір жіберген хатынан басқа хабар болмаған. Ертеде Әбдібектің жері Күмісбұлақ маңында болған, қазіргі кезде Жаңақора деп аталатын жерде Қойшыбектің балалары тұрады. Нағашыларының шежіре деректері бойынша — Найман руының Матайға жататын Апырбатыр Төртқара тармағынан тарайды екен.
Осы тұста арнайы әкем Мұқаннан тараған ұрпақтарының және олардын еңбек жолдары мен жетістіктерін қысқаша баяндап өтейін.
Ыбырахым ағам Жезді ауданындағы кен басқармасында жүргізуші болып жұмыс істеп, кейін Жезқазғанға көшіп, зейнетке шықты. Оның жұбайы Ақбөпе жеңгем Жезді ауруханасында медбике қызметін атқарды. Балалары Ахмедия мен Гүлбаршын Жезқазғанда кәсіпкерлікпен айналысады, Құрмет кен-байыту фабрикасында бригадир қызметінде болса, Жеңіс пен Роза «Қазақмыс» компаниясында жұмыс істейді.
Мұқанбетқали ағам ұзақ жылдар бойы энергетика жүйесінде адал қызмет етті. Ол Жезді ауданынан депутат болып сайланып, 1997 жылдан бастап Жезқазған қаласында еңбек жолын жалғастырды. 2008 жылы Астанаға көшіп, Президент іс басқармасының медициналық орталығында жұмыс істеп, 2017 жылы зейнетке шықты. Қызы Гүлбақыт пен күйеу баласы Қайдар Испанияда жұмыс істесе, Мейіржан энергетика саласында, ал Мақпал мен Батырлан Астанада жеке кәсіппен айналысады.
Мұқанбедия ағам Жезді автобазасында көп жылдар беделді қызмет атқарды. Кейін Жезқазғанға көшіп, Мұқанбедия зайыбы Әнапия (руы Қосай) екеуіде құрметті еңбек демалысына шыққан. Балалары Нұрболат, Данияр, Марал, Қанағат бәріде ер жетіп, отау тіккен азаматтар, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында әр түрлі салада қызмет етеді.
Мен Марат еңбек жолымды Жезді кентіндегі кен-байыту фабрикасында жұмысшы болып бастап, кейін Қазақмыс корпорациясының ауысым мастері болдым. 1989 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, әртүрлі салаларда жұмыс істедім. 1999 жылы Астанаға көшіп, әкімшіліктің іс басқармасында бірінші орынбасар қызметін жалғастырдым, көптеген марапаттарға ие болдым. Зайыбым Сәуле Чапайқызы да еңбек жолында әртүрлі мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде, банк саласында басшылық қызметтер атқарды. Қызым Ализаотбасымен Кипрде тұрады, ал ұлым Асет болса отбасымен Астанада, Ұлттық компанияда жоба менеджері болып қызмет атқарады.
Інім Жұмағали 1986 жылдан бастап Жезді,Жезқазған шахталарындабұрғылаушы болып еңбек етті. Ол «Кенші Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Зайыбы Гүлнармен бірге балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олар да табысты қызмет атқаруда. Ұлдары Жанболат жоғары білімді энергетик, Қазақмыс корпорациясының бір бөлімінің басшысы, қыздары Гүлім жоғары білімді, Қазақмыс корпорациясының қызметкері, білімін Америкада жалғастырып, қазір Қарағанды қаласында тұрады. Кенже қыздары Эльмира Алматыда жоғары білім алуда.
Мұқан әкемнің әпкелері мен қарындастарының есімдерін және олардың ұрпақтарын еске алайын.
Үлкен әпкесі Зілила Киікбай руына тұрмысқа шыққан. Одан Арғын және Қыпшақ Тәкішевтер атты екі жиен дүниеге келген. Бұл азаматтар «Қазақмыс» компаниясында маңызды қызметтер атқарған, Жезқазған жұртына танымал тұлғалар. Тәкішевтердің ұрпақтары да білімді азаматтар. Мәлік Арғынұлы – Жезқазған университетінің ректоры, ал Мәжит Арғынұлы «Қазақмыс» компаниясында қызмет етеді.
Екінші әпкесі Шәмшия Тілес руының Нұрманбай есімді азаматына тұрмысқа шыққан. Олардың ұлы Біләл Жезді кен басқармасының жабдықтау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шыққан. Біләлдің балалары – Мартбек, Марат, Қанат, Жанат, Манас, Гүлмира, және Айнаш. Олар қазір әкелерінің жеке шаруашылығын жалғастыруда.
Қарындасы Ақжарқын Қарсақбайдың Әбітай есімді азаматтың жары болған. Олардың Нағытай есімді жиені бар. Нағытайдың жұбайы Сағадиев Кенжеғали – белгілі ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының президенті, Мәжіліс депутаты және басқа да маңызды лауазымдарда қызмет еткен. Олардың балалары – Нұрлан, Ерлан, Ербол. Ерлан білім министрі қызметін атқарып, қазір жанұясымен Америкада тұрады. Басқа балалары Алматы мен Түркияда бизнесте еңбек етуде. Нағытайдың өзі Түркияның Алания қаласында тұрады, деп естелік әңгімемді аяқтайын.
Марат МҰҚАНОВ.
Астана қаласы.