«МЕНДЕ БАЛАЛЫҚ ШАҚ БОЛМАДЫ» — дейді тыл ардагері Сәрсембай ақсақал

«Соғыс басталған кезде мен төртінші класты аяқтаған едім. Жасым 13-14-тер шамасында. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, сұрапыл соғыс кезіндегі ауыл тұрмысы бүгінгідей көз алдымда» деп бастады әңгімесін Сәрсембай ақсақал.

Сәрсембай Оспанұлы 1927 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылында дүниеге келген. Балғын балалық шағы ұжымдастыру, бүкіл қазақ халқына нәубет әкелген ашаршылық, Алаш арыстарын қынадай қырған қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыртпалық арқалаған кезеңдерге тап келіп, белі бекімеген жасөспірім шағында еңбек жолын бастаған. Осы орайда, орыс халқының ұлы жазушысы А.Чеховтың «Менің өмірімде балалық шақ болған емес» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

«Соғыс кезінде ер-азаматтардың барлығы майданға аттанды. Ауылда еңкейген кемпір-шал, әйелдер мен бала-шаға қалдық. Бар ауыртпалық, колхоздың қара жұмысы нәзік білек әйел мен белі бекімеген баланың мойнында қалды. Басшылық менің мектепте есепке жүйріктігімді ескерген болуы керек, соғыс басталған жылы колхоздың есебін жүргізу жұмысына қосты. Төрт кластық қана білімі бар мен үшін алғашында есеп-қисап жүргізу оңайға соққан жоқ. Үйретер кісі де болмады» – деп еске алады балалық шағын қария.

Сәрсекеңді бойындағы жауапкершілік қасиеті мен салмақты мінезі бала болса да бас болуға жетеледі. Тапсырылған істі тиянақты аяқтау үшін барын салды.

Сәрсембай ақсақалдың әкесі Оспан Досұлы соғыс басталар шақта Қарсақбай зауытында еңбек етіпті. Кейін әскери шақырумен Қарағандыға аттанады. Бұрын зауытта жұмыс істегендерді іріктеп, еңбек майданы Теміртау зауытына жіберген екен. «Оспан әкем сол кездерді жиі еске алатын. Бірде апат болып, қас-қағым сәтте зауыт іші өртке ораныпты. Ауысымды аяқтап, жатақханаға кетіп бара жатқан екен. Өртке су шашуға ешкімнің батылы бармапты. Себебі, іште жоғары қуатты ток көзі қосулы екен. Оны сөндірмей өртке су шашу, керісінше, отқа май құйғандай әсер етеді. «Ойлануға уақытым да болмады, үстіме бір шелек суды құйдым да, өрттің ортасына кіріп кеттім. Тұтқаға қолымды апарғаным сол еді, білегім күйіп кетті. Далаға жүгіріп шықтым. Санаулы секунд ішінде су киімім құрғап кетіпті. Қайтадан үстіме су құйғызып, қолыма қалың қолғап қабаттап, зауыт ішіне қайта кірдім де тұтқаны тартып үлгердім. Жоғары кернеулі ток көзі ажырады да, өрт сөндіру басталды» деген еді Оспан әкем бір әңгімесінде. Кейін зауыт басшылығы әкемді зауытты жарылыстан аман алып қалған ерлігі үшін жоғары наградаға ұсынбақ болады. Бірақ апатқа жол берген кісілердің сотталуы мүмкін екенін қоса айтады. Зауыт басшылығы таңдауды әкеме қалдырған екен. «Батыр» атағын аласыз ба, әлде, ауылдағы еңбек майданына ауысуға жолдама берейік пе?» – деп сұрапты. Әкем ауылға қайтуды таңдаған. «Менің атағымнан не пайда? Ауылда қалған кемпір-шал, өңкей әйел мен бала-шағаның жағдайын ойладым» – деген еді Оспан әкем». Бұл – Сәрсембай Оспанұлының соғыс жайлы сұрағанымызда айтқаны.

1945 жылы 17 жасқа қараған шақтарында өз еріктерімен әскерге аттану үшін қос бозбала, екі дос Сәрсембай мен Кәдірбек әскери бөлімшеге өтініш жазады. Кейін ауыл есебін жүргізетін маманның жоқтығын алға тартып, екеуін «бронға» қойған екен. Бұл сұм соғыстың беті қайтып, жеңістің ауылы жақындаған кез еді. «Соғысқа бармадым. Қан майданды көрмедім. Алайда, ауылдағы еңбек майданында бар күш-жігерімді сала жұмыс істедім. Біздің ұран «Бәрі де майдан үшін» болды. Ауылда қара қағаз келіп, қара жамылған үйлерден шыққан ащы зар әлі күнге дейін құлағымда. Мұндай нәубет заман ел басына енді тумасын. Аспанның ашық, заманның тыныштығынан артық бақыт жоқ» – деп көзіне жас алды абыз атамыз.

Бүгінде Сәрсембай ақсақал – 12 баласынан қаулаған немере мен шөбересін сүйген сүйікті ата. Қазыналы қарияның омырауы «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Жеңіс» мерейтойлық медальдары, Тәуелсіз еліміздің атаулы мерекелік медальдарымен толып тұр. «Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген», «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы бар қария – елдің өткені мен өлке тарихының шежірешісі, куәгері.

Иә, сұм соғыс әр отбасына ауыр салмақ түсіріп, әр жүрекке жара салды, жақынынан айырды. Жеңіс – сол сұмдықты мәңгіге тоқтатқан күн. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерін мәңгілікке дәлелдеп, дәріптейтін атаулы күн. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік мейрамы.

Альмира МАҚСҰТҚЫЗЫ