Мұсылмандардың ұлық мерекесі

Адамзат баласын рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін қасиетті Рамазан айы аяқталды. Бейсенбі күні отыз күн бойы ораза ұстап, Аллаға құлшылық жасаған мұсылман қауым Ораза Айт мейрамын өз деңгейінде атап өтті.

Асыл дініміздің басты мерекелерінің бірі – Ораза Айт мейрамына аман-есен жеткендігін шүкіршілік еткен жамағат таңмен таласа аудан орталығындағы мешіттің ауласына жиналды.

Таңсәріден жиналған жұрттың ішінде қарттарға қарағанда, жастардың қарасы басым болды. Мұны біз исламға иланып, иманға ұйи түскен өскелең ұрпақтың бір шоғыры деп білдік. Мұсылмандық жолға ниет еткен жастардың қадамдарын сауапқа жазсын деп тіледік. Жастармен бірге бірен-саран ауыл ардагерлері де болды. Олар да мүбәрак мерекенің мінәжатына қатысып, айт намазына тұрды. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты айт намазы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттің сыртындағы жасыл алаңда оқылды. Алдымен, ауданның бас имамы Жанболат Рақымбердиев сөз бастап, барша мұсылман қауымын ислам үмбетінің ұлық мерекесімен құттықтады. Әңгіме барысында барлық пендені бауырмалдық пен адалдыққа, кішіпейілділік пен кеңдікке шақырып, ой саларлықтай уағыз айтты. Бас имам бұдан кейін елге амандық, жұртқа тыныштық дұғасын тілеп, айт намазын оқыды. Мұнан кейін мешіт ауласына жиналған жамағат үйлеріне тарасып, әрқайсысы өз шаңырағында айт шайын беруге кірісті.

Ізгіліктен бастау алған бұл мейрам мұсылмандардың ұлық мерекесі екенін көрсетті. «Айт» сөзінің өзі «мейрам», «көңіл көтеру», «көрісу» деген ұғымды білдіреді. Ал, Рамазан айы – құлшылық пен сабыр, береке мен қайырымдылыққа жетелейді. Адам баласының мол сауап жинайтын қасиетті айы. Ендеше, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен әрбір жақсы амалдарыңызды, ізгі ниеттеріңізді Алла Тағала қабыл етсін! Бұл мейрам елімізге құт-береке әкеліп, жамағатты бай-қуатты болуға жазсын. Еліміз үшін имандылықтың, ынтымақ-бірліктің, шынайы бақыттың бастауы болсын.

Ораза Айт құтты болсын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ