МӘМС: ШҰҒЫЛ ТҮРДЕ ТІС ЕМДЕУ МҮМКІНДІГІ БАР
«Шұғыл түрде тіс емдеу кімге және қашан қолжетімді?» деген сұрақтың жауабын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалынан білдік.
МӘМС пакетінде шұғыл және жоспарлы стоматологиялық қызметтер қарастырылған екен. Жоспарлы көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер алса, шұғыл стоматологиялық көмек азаматтардың жекелеген санаттарына ғана қолжетімді.
Атап айтқанда бұл санатқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері, I, II, III топтағы мүгедектер, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық және әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар, мүгедек балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар жатады.
Оларға анестезия, жақ немесе тіс рентгенографиясы, тісті жұлу, пломбаны препараттау және салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцесті ашу тегін жасалады. Бұл көмектің бәрі тек шұғыл стоматологиялық көмек барысында көрсетілетінін ұмытпаған жөн.
Өз тілшімізден.