«Мұғалім» мамандығына қызығушылық артты
Бүгінгі бəсекелес заманда білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда мұғалімге жүктелер міндет зор. Өйткені, Əділетті Қазақстанның негізгі ұстанымы білім жүйесін сапаландыру болып отыр. Адам капиталының сапасын арттыру – халықтың санасын арттыру қазіргі негізгі қағида. Бұл жол ұстаздар қауымын үнемі ізденіс үстінде болуды қажет етеді. Себебі, қоғамымыздың ілгерілеуі де, мемлекетіміздің гүлденуі білім мен білікке байланысты.
Бүгінде мемлекет тарапынан ұстаздар мəртебесі дəріптеліп, оларға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл ретте ұстаздардың табысын, өмір сүру жағдайын жəне жұмысын жақсарту, педагог кəсібінің ең талантты адамдар үшін тартымдылығын сақтау мемлекеттік білім беру саясатының күн тəртібіне қойылды. Осылайша, мемлекеттік деңгейде «Педагог мəртебесін» қолдап, арнайы заң қабылдауы осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болғаны анық. Бұл заңда ұстаздардың құқығын қорғау, оқу жүктемесін төмендету жəне марапаттармен материалдық ынталандыру қарастырылғаны белгілі. Əсіресе, шамадан тыс қағазбастылыққа тосқауыл қойылды. Мұның барлығы – педагогтардың əлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, білім алушылардың білім сапасын арттыруға жасалынып жатқан игі шаралар.
Дəл қазіргі күні педагог мəртебесі туралы заң шыққаннан бастап, жастардың да мұғалімдік қызметке деген қызығушылығы артты. Бұған дейін жастардың көпшілігі мұғалім болудан қашатын. Ал, бүгінгі керісінше, мұғалімдік мамандықты таңдайтын түлектер қатары өсуде. Бір байқағанымыз, мектеп бітіруші түлектердің көбісі мұғалімдік мамандықты қалап, білім сапасына үлкен жаңалық əкелуге өз үлестерін қосқысы келеді. Осы орайда, биылғы мектеп бітіруші түлектермен тілдесіп, мұғалімдік мамандықты таңдау себептерін сұраған едік.
«Біздің сыныптағы болашақ түлектердің 30 пайызы мұғалімдік мамандықты таңдап отыр. Мұның себебі елімізде мұғалімдерге арналып, педагог мəртебесі туралы заңның шыққаны əсерін тигізді. Осы заң шыққаннан кейін мұғалім мамандығына деген қызығушылығымыз басым болды. Мен өзім де қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болуды қаладым. Бұл əрине, өз жүрек қалауым. Ата-анам да осы мамандықты қалағанымды құптап отыр», – дейді Ақбота Есенғабыл.
Расымен əрбір жас өз қалауымен мұғалімдік жолды таңдап, бала оқыту ісімен айналысып жатса, оған өз үлесін қосса қандай керемет…
Қайрат ЖҰМАБАЙ