Ұлытау облысында қысқамерзімді экономикалық индикатор 1,1%-ға өсті

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Үкімет отырысында өңірдің 2025 жылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Ол 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірдегі қысқамерзімді экономикалық индикатор 1,1%-ға, көлік және қоймалау 22,5%-ға, құрылыс саласы 10,8%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,8%-ға, инвестициялар 5,9%-ға, сауда 1,6%-ға өскенін атап өтті.Ауыл шаруашылығы оң қарқынға қол жеткізіп, 1% өсім көрсетті.

«Өсім агробизнесті мақсатты қолдау есебінен қамтамасыз етілді. Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өңірде 13 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, осы жобалардың қатарында шаруашылықтарды біріктіру арқылы «Отбасылық ферма» жобасы басталды. Аталған жоба 6 ауылдық округті қамтиды, оның аясында 12 900 бас ұсақ мал, 7 800 бас ірі қара мал, сондай-ақ 25 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды.

Жалпы алғанда, агроөнеркәсіп кешені өткен кезеңмен салыстырғанда перспективалы бағыттардың бірі болып отыр және инвестициялардың өсуіне өз үлесін қосуда. Сонымен қатар жобаларды іске асыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруді 4-тен 6 позицияға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді»,

— деп атап өтті Дастан Рыспеков.