ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНА – 1 АЙ: Аймақта не өзгерді?
Ұлытау облысын құру туралы ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығы шыққанына 8 шілде күні тұп-тура 1 ай толды. Аймақ халқына қуаныш сыйлаған тарихи сəт. Бөркімізді аспанға атып, ерекше қуанғанымыз анық. Бірақ, құр қуанумен іс біте ме? Осы аралықта аймағымызда қандай өзгерістер болды? Қабылданған бастамалардың маңызы не? Шолып көрсек…
Кадрлар қайта жасақталды
Кеңес дәуірінен мұраға қалған «Кадр бәрін шешеді» деген сөз бар. Авторы қанқұйлы көсем Иосиф Сталин деседі. Қанқұмар адамның аузынан шықса да, өзектілігі жойылмаған сөз. Өйткені қашан да қай саланың дамуы ең алдымен өз ісін жетік білетін, жұмысқа жанын салып кірісетін азаматтардың қолында болған. Солай қала берері де анық.
Күні кеше ғана жаңа облысқа әкім болып Берік Әбдіғалиұлы тағайындалған еді. Бұрын да осы аймақта лауазымды қызметтер атқарып, басшылық жасаған азамат. Өңірдің тынысын, халықтың көзқарасын жақсы біледі. Ел алдындағы беделі де жоғары. Халық бұл тағайындауды құп көрді, қолдау көрсетті. Екінші кезекте облыс әкімдігінің басқару схемасы бекітіліп, әкім орынбасарлары, аппарат жетекшісі және басқарма басшыларының міндетін атқарушылар тағайындалды. Жалпы алғанда, Ұлытау облысында жаңадан 18 басқарма құрылды. Қызметке тағайындалған азаматтардың басым дені – Ұлытау-Жезқазған аймағының тумалары, осы өңірдің азаматтары. Бұл да – маңызды факторлардың бірі. Өйткені аймақтың даму көрсеткіші тым төмен. Әсіресе соңғы жылдары халық саны күрт азайып, экономикалық көрсеткіштер кері динамика көрсеткен-ді. Енді оны қайта қалпына келтіру, жаңа бастамалар көтеріп, жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру ісін осы өңірдің жайын жақсы білетін өз азаматтары қолға алғаны құба-құп.
Тағы бір айта кетерлігі, кадрлар жасақтау «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 27-бабы талаптарына сай конкурс негізінде жүргізілді. Мемлекеттік әкімшілік қызметтің бос орындары туралы хабарландыру белгіленген тәртіппен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында жарияланды.
«Әкімдікке жаңа ғимарат қажет емес»
Жаңа облыстың орталығы – Жезқазған қаласы. Бұрын да облыс орталығы мәртебесін иеленген қала. Қазір негізгі күш те қаланы дамытуға бағытталып отыр. Өйткені аймаққа келген азаматтар ең алдымен осында табан тірейді. Бір сөзбен айтқанда, облыстың айнасы. Бұл мәселеге Берік Әбдіғалиұлы да назар аударып, қаланы абаттандыру бағытында бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен қаладағы барлық аялдаманың сырты қапталып, жылу ұстайтын павильон түрінде жаңартылады. Бұдан бөлек көше шамдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесін дамыту қолға алынбақ. Қаладағы көрнекті орындарды қайта қалпына келтіру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Аймақ басшысы облыс орталығын аралау барысында ең көрікті орындардың біріне жататын музыкалы субұрқақтың жұмысын реттеуді тапсырды. Сондай-ақ субұрқақ айналасындағы сауда-саттық орындарының бірізділігіне мән беріліп, балалар ойынына арналған құралдардың қауіпсіздігі тексеріледі. Бұдан бөлек «Жастар сарайы» ғимараты алдындағы гүлзар қалпына келтіріліп, «Жезкиік» фестивалі өткен концерт алаңы және Ауған соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіш айналасы абаттандырылады. Облыс орталығындағы балалар алаңдарын жаңалау, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қалпына келтіру, арамшөптерден тазарту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
Сонымен қатар қаладағы «сақалды» құрылыстар мәселесі де ескерусіз қалмайды. Қаңырап тұрған нысандар жөнделіп, халық игілігіне беріледі. Келешекте жаңа нысандар салу да жоспарға қойылған. Әйтсе де облыс әкімдігі үшін арнайы ғимарат салынбайы. Бұл жаңалыққа әуелде жұрт таңырқай қарап, сан саққа жүгірткен еді. Мәселенің мәнісін аймақ басшысының өзі түсіндіріп берді.
– Бұрын облыс орталығы болған біздің қалаға ондай ғимарат салудың қажеті жоқ. Қазір қалалық әкімдіктің бұрынғы ғимараты жөнделіп жатыр. Құрылыс аяқталған соң, олар сонда көшеді. Ал облыс әкімдігі өзіне тиесілі ғимаратқа орнығады. Әрі біздің мемлекеттік құрылымдардағы қызметшілер саны 251 адам ғана болатыны ескерілген жөн. Бізге республикалық мекемелердің жергілікті өкілдіктеріне, сот пен прокуратура сияқты құқық қорғау органдарына жаңа ғимараттар салу керек. Ол құрылыстарды да әрқайсысының өз басшылықтары жүргізіп, республикалық бюджеттің есебінен іске асырады. Біздің міндетіміз сол нысандарға қажетті жер бөліп берумен шектелмек. Облыс әкімдігіне, оған қарайтын басқармаларға бұрыннан бар ғимарат жеткілікті, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Аймақтың экономикалық әлеуеті қандай?
Шыны керек, жаңа Ұлытау облысы құрылады деген хабарға тосырқай қарап, аймақ келешегіне күмән білдірген жандар да болды арамызда. Бұған бұрын Жезқазған облысының құрамында болған Ақтоғай, Шет аудандары мен Балқаш қаласы тұрғындарының Ұлытауға қосылудан бас тартып, Қарағанды облысының құрамында қалғысы келгені де айтарлықтай ықпал еткені анық. Олардың өтініші қанағаттандырылып, жаңа облыс екі аудан мен үш қаланың аумағында құрылды. Халық саны да айтарлықтай аз. Әйтсе де бұл өңірдің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Өйткені жаңа облыста экономиканың қай саласын болсын дамытып әкетуге қажетті мүмкіндіктер мол.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының пікірінше, ең алдымен облыс орталықтарындағы инфрақұрылымды дамытып, экономиканы әртараптандыруға ерекше зейін қойылуы керек.
– Жезқазған қаласында түсті металлургияда жоғары бөліністерді дамыту үшін әлеует бар. Бұдан басқа жаңа әкімшілік мәртебені ескере отырып, қалада экономиканың IT-секторын, ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде жас мамандарды жұмыспен қамтудың перспективалық бағыттары ретінде электронды сауда құру және дамыту мәселесін пысықтау қажет, – дейді Нұрболат Құрметұлы.
Расымен де, қазірдің өзінде аймақта еліміздегі ең ірі кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясы орналасқан. Бұдан бөлек, бұрын әрқайсысы жеке өндіріс ошағы ретінде әйгілі болған Қаражал, Жәйрем, Жезді, Қарсақбай сынды өңірлер бар. Бұл аймақтардың дамуына серпін берілсе, жаңа облыстың экономикасы да тез көтеріліп, халықтың әлеуметтік ахуалы да оңалар еді. Оның үстіне, облыстың қос қанаты іспеттес Ұлытау мен Жаңаарқа аудандары да агроөнеркәсіп бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл – облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, сыртқа ауылшаруашылық өнімдерін саудалау арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл бағытта кешенді шаралар қабылданып, әлеуетті жобалар қолға алынбақ.
– Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарының аграрлық әлеуетін толық игеруге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырмақпыз. Күні ертең шаруалар өсірген малының етін, сауған сүтін өткізе алатындай кәсіпорындар керек болады. Қазір де олардың қажеттілігі білініп-ақ тұр. Сол үшін де тез арада Жезқазғанда ет комбинатын, Жаңаарқада сүт өңдеу зауытын іске қосуымыз керек. Біздегі ауылдардың басым көпшілігі мал өсіріп отырғанын ескерсек, шаруаларға мал басын көбейтетіндей жағдай жасауымыз қажет. Таяуда фермерлермен кездесіп, олардың көкейінде жүрген көп сауалды тыңдадым. Енді сол айтылған дүниелерге құлақ асып, асырап отырған түліктерінің еті мен сүтін ғана емес, жүні мен терісін де тиімді бағаға өткізуіне, жем-шөптен, техникадан, тыңайтқыштан тапшылық болмауына бар күш-жігерді жұмылдыра алсақ қана оң нәтижелерге қол жетпек, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Бұдан бөлек аймақтың ең үлкен әлеуетінің бірі – туризм. Ұлт ұясы атанған Ұлытау жерінде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның мазары жатыр. Әлем жұрты қабірі қайда қалғаны белгісіз ұлы қағанның тарихына қызығып, қазіргі Моңғолия жеріне жиі барады. Жалпы алғанда, Шыңғыс ханның төрт ұлының арасында тек үлкен ұлының ғана мазары сақталған. Ол қазақ жерінде тұр. Бұл – туризмді халықаралық деңгейде дамытуға, этнотуризмнің өрістеуіне жол ашуы тиіс. Әрине, ол үшін тарихи жәдігерлердің орналасқан орны көрсетілген бірыңғай туристік маршрут әзірленіп, баратын жолдар салынып, инфрақұрылым дамуы керек. Бұл жұмыстар да — алдағы уақытта жүзеге асатын басым жобалар сапында.
Түйін
Әрине, бір ай тым аз уақыт. Әйтсе де қазірдің өзінде маңызды бастамалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар басталып та кетті. Орталықтан шалғайда жатқан өңірлерді бөлек облыс ретінде қайта құру шешімінің дұрыс, не бұрыстығын уақыт өзі көрсетер. Әйтсе де дәл қазір бұл шешімді жергілікті халық қуана қабылдап, жаңа облыстарын дамытуға ықыласпен ден қойды. Демек, күтілетін нәтиже де жуыр маңда өз жемісін беріп қалары анық.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ