Ұлытау ұлттық паркінің өрт қауіпсіздігі жаңа техникамен нығайтылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап өртке қарсы жабдықтарды жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарлама кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру.
Аталған бағдарлама аясында Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне лизингтік қаржыландыру есебінен отандық өндірістегі 3 дана JAC орман өрт сөндіру кешені көлігі (КОПК), биоалуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында 5 дана МТЗ-920М тракторлары жеткізілді.
Сонымен қатар, БҰҰДБ-ның «Тұран жолбарысын қайта жерсіндіруге жағдай жасау және Ұлытау жотасындағы табиғи әрі тарихи-мәдени нысандарды сақтауға қолдау көрсету» жобасы аясында JKG FAW маркалы жүк көлігі пайдалануға берілді.
Бұл заманауи техника өрттің алдын алу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттырып, Ұлытаудың бірегей табиғи мұрасын қорғауға қызмет етеді.
