ҰЛЫТАУ: Көпбалалы аналар баспаналы болды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында Ұлытау ауданы орталығында тұратын 24 көпбалалы ана баспаналы болды. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізілген жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру салтанатына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ қатысты. Аудан басшысы қуанышқа кенелген қастерлі жандарды ақжарыла құттықтап, баспана кілттерін табыс етті.  

Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков пен мердігер тарап – «СарыАрқа» ЖШС директоры Ержан Мұқанов ыстық лебіздерін білдірді. Мерейлері өскен көпбалалы аналардың атынан Ирина Стрюк сөз алып, Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне ризашылығын білдірді. Аудан басшылығына алғаусыз алғысын айтты.

Салтанатты жиында лента қию рәсімін еңбек ардагерлері Сәрсен Бектемісов пен Қуаныш Бекілдеков жүзеге асырды. Қазақы дәстүрге сәйкес, шашу шашылды.

Аудан әкімі бастаған қалың қауым жаңа үшқабатты жаңа тұрғын үйдегі 3 және 4 бөлмелі пәтерлерді аралап, олардың иелерімен әңгімелесті. Жайлы баспаналарының бақыт пен шаттық ордасы болуын тіледі.

Заманауи үлгідегі тұрғын үйге жылу арнайы жасақталған дербес қазандық арқылы беріледі. Ауласына автотұрақ салынып, жол жиектеріне ернеутастар салынған. Балалар ойын алаңын орнату – жоспарда.

Қысқасы, жайлы тұрмыс үшін қажеттінің бәрі бар.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.