Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Сейтжан Өмірбаев фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды
Ұлытау өңірінің дамуына қомақты үлес қосқан мемлекеттік қызмет ардагері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Сейтжан Өмірбаев фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.
1940 жылы Ұлытау ауданына қарасты Үлгілі колхозы «Атанбұлақ» қыстағында дүниеге келген Сейтжан Өмірбаев ауданның ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Бұдан кейін «Ұлытау» қорық-мұражайында біршама жыл директор болып абыройлы қызмет атқарды.
Саналы ғұмырында ұтымды іс-қимылымен көпке үлгі-өнеге бола білген азамат Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуіне, мәдениет саласының дамуына және аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірдегі жоғары белсендігі үшін «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
Марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.
Ұлытаудың ардақты ардагерінің есімі мен бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
А.Мырзабеков, А.Құрмансейітов, М.Оспанов, А.Әбжамалов, А.Қайырбек, Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Е.Әбжамалов.