ҰЛЫТАУ АУДАНЫНДА «ЖАС САҚШЫ» ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ
Бүгін №1 орта мектебінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты Бағдат Қойшығараұлы Айтеновтың құрметіне арналған «Жас сақшы» полиция бағыты сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шарада қатысушылар алдымен қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
⠀
Шарада алғы сөз алған аудан әкімі Аманжол Мырзабеков полиция сыныбының ашылуымен құттықтап, жас шәкірттерге сәттілік тіледі.
«Баршаңызды алдымен биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Қазақтың даңқты батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп текке айтпаған. Себебі, бүгінгі шара – біздің жас буын, жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке баулуда үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда ауданымызда осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор бастамалар көптеп қолға алынуда. Бұл – ең алдымен ұлағатты ұстаздарымыздың ерен еңбегінің, оқушы мен ата-ана арасындағы нәтижелі байланыстың жемісі. Қызметтік міндетін атқару кезінде дүниеден өткен Бағдат Қойшығараұлы Айтеновтың ерлігі – ұрпаққа өнеге. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі шараға қатысып отырған отбасына, туған-туыстарына амандық тілеймін. Бүгінгі киелі білім ордасында өскелең ұрпақтың бойына адалдықты, тәртіптілік пен патриоттық рухты дарытуға бағытталған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуымен құттықтай отырып, жас сарбаздарымызға сәттілік тілеймін» – деді.
⠀
Жаңа сыныптың қатарына қабылданған 6-сынып оқушылары саптық дайындықпен ортаға шығып, «Жас сақшы» қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант қабылдады.
⠀
Салтанатты рәсім барысында Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайыркен Әлиев оқушыларға «Жас сақшы» куәліктерін табыстады. Мұнан соң, «Жас сақшы» полиция сыныбының құру мақсатына тоқталып, ант қабылдаған оқушыларға азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртібін қорғайтын білікті маман иесі атануына сәттілік тіледі.
Аталған бастама – жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беруді, құқық қорғау саласына деген қызығушылықты арттыруды, сондай-ақ оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауды мақсат етеді.
⠀
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.