ҰЛЫТАУ АҢЫЗДАРЫНЫҢ АҚИҚАТЫ: Әулетімді әуелеткен Әулиетау

Алла бұйыртып, қасиетті Ұлытауға аудан әкімінің орынбасары болып қызметке барғанымда екібасты қызметтік үйдің бір басында мен, бір басында аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан БАЙЗАҚОВ тұрды. Екеуміз қызметке қатар келген едік. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, отбасымызбен тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай араласып кеттік.

Екі үйден де қонақ арылмайтын. Ол үйге келген қонақтың ортасында мен, біздің үйге келген қонақпен бірге ол отыратын. Қонақтарға алма-кезек Ұлытауды дәріптеумен болатынбыз. Сондай отырыстардың бірінде Еркебұлан Нұрбалаұлы «мен өзім Ұлытаудың қасиеті мен киесіне еш күмән келтірмеймін. Өзім куәмін. Талайды әулетті еткен – Әулиетау» деп өз басынан өткен оқиғаларынан бастап, әңгіме тиегін ағытатын. Ерекеңнің есті әңгімелерінің бірі былай басталатын: 

«Ер-азамат шаңырақ көтеріп, үй болғаннан кейінгі үмітті дүние – «ұрпақты болсақ» деп армандайды ғой. Алла тілеуімді беріп, екі ұлым болды. Тұңғышым Нұржан 1998 жылы, екінші ұлым Сұлтан 2003 жылы дүниеге келді. Одан кейін қанша қалағанымызбен сәби сүю мүмкіндігі болмай қойды. келіншегім Науара екеуміз де Құдайға шүкір, көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған-тоқыған жандармыз ғой. Дәстүрлі медицинаға жүгініп, тексеріліп те көрдік. Екеумізге де «бала сүюге қабілетті» деген қорытынды нәтиже берілді. Үзілмеген үміт жетегінде 12 жыл жүрдік. Екі ұлымыз да есейіп қалды.

Бір күні әрі ағам, әрі досым, әрі әріптесім Аманжол Кәрімовке «Сізде де, менде де біраз мәселелер шешімін таппай тұр. Отбасымызда да проблема көбейіп барады. Іргеде қасиетті Ұлытау тұр. Сонда барып, Әулиетауға шығып, тілек тілеп қайталық» деп қолқа салдым. Себебі, тура сол кезде ол  қызметінен босап, жұмыссыз жүрген болатын. Бірден келісті. Сонымен Аужекең әйелімен, мен әйеліммен, төртеуміз Ұлытауға бармақшы болдық. Екеуміздің жақсы танысымыз, менің құрдасым, сол кездегі Ұлытау селосының әкімі Төлеген Жақияұлына хабарласып, мән-жайды айттық. Ер мінезді жігіт қой, сөзге келместен «әңгіме жоқ, Ереке, өзім күтіп аламын. Еш нәрсеге алаңдамастан келе беріңіздер» деді. Шу дегеннен мәселенің басы оң шешілгеніне де іштей қуанып қалдық. Ертесіне төртеуміз бір машинамен Ұлытауға жолға шықтық. Аужекең екеуміз жол бойы Әулиетау жөнінде, онда атқарылатын рәсімдер туралы елден естігенімізді айтып келеміз. Ұлытауға да жеттік. Төкең қарсы алып, Әулиетау етегіндегі Ембұлаққа алып келді. Сол жерге бір меңсіз қара қой дайындап қойған екен. Соны құрбандыққа шалып, ниет етіп, Әулиетауға көтерілдік. Сол күні тау басында тәу етіп барғандардың да қарасы қалың екен. Басында жатқан әулиелерге тағзым етіп, құран бағыштап, тілегімізді тіледік. Зердеш баба үңгірінде отырып, алақан жайып, Алладан сұрадық. Жаратқанға жалбарындық. Көптің жасап жатқан рәсімдерін шынайы көңілмен жасап, ырымдарын ықыласпен атқарып қайттық. Қалаға келгеннен кейін «Бәрі Құдайдың жазуынан, тек бас қосу адамның өзінен» деген екен Лұқпан хакім, енді Алланың беретінін үмітпен күтейік» деп тарқастық.

Көп ұзамай Аужекең Жезқазған қаласы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне орналасты. Полковник шенін алды. Ал менің зайыбымның көп ұзамай аяғы ауыр болып, 13 жылдан кейін 2014 жылы көптен күткен Аружан есімді қызым дүниеге келді. Қуанышымызда шек жоқ. Кейін бір қауышқан отырысымызда тәубемізге келіп «Алла екеуміздің де тілеуімізді берді. «Жаратқанның құдіреті күшті, мейірімі шексіз» дегенді халқымыз тегіннен тегін айтпаған екен» дестік.

Әулиетаудың біздің әулетке, жақындарымызға көмегі керемет болды. Туған інім Өміржан (Мако) 2011 жылы Альмира келінмен бас қосып, шаңырақ көтергеннен кейін көпке дейін сәби сүйе алмады. Бармаған жері, қаралмаған дәрігері қалған жоқ десем де болады. Екі жыл көтере алмаса, «бала болмады» деп екі жаққа кетіп жататын жастар аз емес қой. Олардың балалы бола алмауы бәріміздің уайымымызға айналды. Әсіресе, қолдағы ұл мен келіннің бұл мәселесі әке-шешеміздің қабырғасына қадалған шөңгедей батып, жандары жүдеп бітті. Қанша білдірмегендей болғанымен күбірлеген сөз сананы күбірткедей жеп барады. Бес жыл бойы бала көтере алмағаннан кейін, 2016 жылы келін мен інім екеуі Әулиетауға барып түнейміз деп ниет етті. Сөйтіп, өздерімен қатар 2011 жылы үйленген, содан бері 5 жыл өтсе де балалы бола алмай жүрген туған бөлеміз Дархан мен оның келіншегі Әйгерімді ертіп, Ұлытауға барды. «Тағдыры ұқсастың Тәңірі бір» деген емес пе? Олар Әулиетаудың етегіне шатырларын тігіп, қона жатып, Алладан сәби тілеген. Таңертең күн шықпай тұрып, Алланың ырзалығы үшін мал шалып, қан шығарып, Әулиетаудың басына шығуға ниеттенген. Үміт оты жетектеген төртеу қанша қиналса да, тауы шағылып, табанынан тозса да, тау басына көтеріліп, діттеген жерге жетпей тоқтамасқа уағдаласқан. Жүректері қанша жылап сыздаса да, дүние сен үшін тоқтап қалмайтынын сезінген олар уақытымен санаспай бақытына бара жатқандай иланып, ілгері жылжи береді. Сондай сенімдерінен күш алған төртеу тау басына да жетіп жығылады. Тау басындағы әулиелерге құран бағыштап, Аллаға жақын нүктеден тілек тілеген. Онда жасалынатын ишарат-амалдардың бәрін атқарып, арып-ашып, шөлдеп, тау етегіне түседі. Сол жердегі Ембұлақтың суынан шай ішіп, дастархан басында да «ниетімізді бір Алла өзің қабылдай көр!» деп бір-біріне тілектестіктерін білдіріп, үйлеріне оралады.

Алланың мейірімі түскені – тілектері қабыл болып, 5 жыл бала көтермеген келінімнің аяғы ауыр екенін білдік. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аман-есен босанғанша бұл туралы ешкімге тіс жармадық. Алла жар болып, аруақ қолдап, Әлімжан атты баламыз дүниеге келді. Ал, Дархан мен Әйгерім де қызды болып, есімін Аяулым деп қойды. Мен өзім шын қиналып, дұрыс ниет етіп, Әулиетауға шығып, Алладан сұраған жанның құралақан қалғанын көрген емеспін» деді Ерекең бір әңгіменің басын қайырып.

Ал, өзіме келсем, аудандық полиция бөлімі басшысының ең үлкен шені подполковник қой. Таяуда «полиция полковнигі» атағын алдым. Бұл да киелі Ұлытаудың керемет қасиеті мен шапағаты, Алланың қолдап, аруақтардың желеп-жебегені. Осы Ұлытауға тілек тілеп келгендерге барынша тілекші болып, қарсы алып жатамыз ғой. Сол көптің батасы мен тілеуі, Көктегі құдіреттің бергені. Алланың бергеніне мастанбай, берекесін қашырмай ұстап қалуға тырысып келеміз үнемі. Құдайға шүкір» деп сөзін аяқтады Ерекең.

«Иманның ең әлсізі – Алладан алақан жайып сұрау» десек те, оған жету үшін иманның ең мықтысы осындай қарекеттеріңіз қажет-ақ.

 

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,

ақын, өлкетанушы.