Ұлытауға – тағзым
Қазақтың үш данагөй данышпаны,
Заманның болған бір-бір арыстаны.
Төле, Қазыбек, Әйтеке – ұлы билер,
Ұлт ертеңін ерлерге табыстады.
Елдік істе шыңдалған жайсаңдарым,
Әрдайым көтерген ғой қайсарларын.
Хандары бастап барған әскерлерін,
Білген соң айласы көп шайқас заңын!
Бұланты-Білеуті өзен бойындағы,
Қанды қырғын халықтың ойында әлі.
«Қалмаққырылған» шайқасы сол,
Тарихтан орнын өзі ойып алды.
Қазақтың даңқын көкке асырған сан,
Жыр-мұра қалған талай ғасырлардан.
Қарт Ұлытаудың тарихы – алтын көмбе,
Тәбәрік болып жеткен асылдардан.
Көнекөзден көшелі ой, аңыз қалған,
Қариялар сөз мәйегін ағызған сан…
Ұлтымның ұлы ұясы – Ұлытауым,
Бір емес-ау, мың мәрте тағзым саған!
* * *
Кетбұқа абыз, қолбасшы, батыр еді,
Шыңғыс ханға болған ол ақыл кені.
Ұлытауға Жошыны келген бастап,
Есіл ерді құлан теуіп, ғапыл өлді…
Кім келіп, бұл өңірге, кім кетпеген,
Қарт Ұлытау ешкімді сырт теппеген.
Алаша хан, Жошы хан мазарларын,
Ұсталар қолмен қашап, өрнектеген.
Төлек батыр, Сандыбай, Ердендерді,
Тәңірі қолдап, Ұлытауға берген еді.
Әулеттің әуел бастан зәузатының,
Бәрі де батыр, найзагер, мерген еді!
Ұлытаудың батыры көп туы болған,
Жауға қарсы сұр жебелер зуылдаған.
Ер Дулыға, Сағындық, Аманбайлар,
Қалмақты ел шетінен қуып салған!
Қоскөлдің айдынына аққу қонған,
Ғажап осы жер екен пәктік толған.
«Қорғантастың» бай кені елге аңыз,
Әр қадамы «Шеңбердің» сәтті болған!
Көне көзден көшелі ой, аңыз қалған,
Қариялар сөз мәйегін ағызған сан…
Ұлтымның ұлы ордасы – Ұлытауға,
Оралса екен ұлар үні тамылжыған!
Ұлт бесігі – ұлық тауым, арлы із мекен,
Ұлы болып жаралған жалғыз мекен.
Ұлт ұясы – қазағымның алтын төрі,
Ұлытауға басымды иіп, тағзым етем!
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ