Ұлытауға ұмтылыс

Жер бетіндегі ешбір географиялық ұғым шеңберіне сыймайтын атаулардың біреуі де бірегейі – Ұлытау. Ол географиялық ноқат емес. Оның құпиясын ашуға қария тарих, дана тарих, тылсым тіл де қауқарсыз. Ғарыштық, жаһандық күштер жәрдем етсе дейсің. Ол күнге де жетерміз…

Әркімнің кіндік қаны тамған, талбесікте тербелген, алғаш қаз-қаз басып жүрген алтын ұя, жұмақ мекені – туған жері. Ұядан ұшқан жас түлектің көкке көз тігіп, алысқа қанат сермегісі, шырқауға самғағысы келуі – табиғат заңы. Өзінің арман-аңсарын сонау алыс көкжиектен, ауа жетпес биіктен тапқысы келеді.

Адамзат – Африкадан, ал түрік – Алтайдан, әлде, Ергене көннен шыққан десек, Ұлытау – барша қазақтың алтын ұясы. Алтын қазығы. Ұлытау – орда. Әркімнің туған жері – Жердің кіндігі, ортасы. Жер бетінде қанша адам бар, сонша орда бар. Сондай орданың ең бір ерегі, ең бір құттысы – Ұлытау.

Ұлытаудың ұланы! Сіздерді тарихтың тереңіне жетектеуменің мақсатыма кірмейді. Оны қазына кеуде қарттарға, тарихи танымы тұңғиық тарихшы ғалымдарға қалдырдым.

Менің айтарым мүлде басқа. Бүгінгі өркениет тұрғысынан сіздердің туған, өскен, тұрып жатқан жерлеріңіз – шағын ғана қазақы ауыл. Ауыл баласының кеудесін кішкентай кезінен-ақ қашан ержетем, ержеткен соң орталыққа, үлкен шаһарларға қашан, қалай жол тартам деген арман-қиял керней бастайды. Ақыры, сол арман-қиял мақсат-мұратқа айналады, нақты жоспар болып жүзеге аса бастайды. Бірақ күндердің күнінде бәріміз болмасақ та, бірқатарымыз бәрібір туған жерге ораламыз. Сол оралу кездейсоқ емес, жоспарлы болуы тиіс.

Алысқа көз тіккен сіздерге бір тәмсілді әңгімелеп берейін. Жұмақ дегеніміз алмалары бұлақпен ағып келетін жер деген түсінік санасына еніп алған бір пенде бала-шағасын тастап, жаһан кезіп кетеді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Өзі аппақ қудай болып, белі бүкшиіп, таяғына сүйеніп әлі құрыған бір шақта сылдырап аққан су бетінде небір тәтті жемістерді, шат күлкілі балаларды, құшақ жая қарсы алған жарқын жүзді ересектерді кездестіреді. Жас келіндер жеміс-жидек толы табақты алдына тартады. Іздегенімді таптым деп ойлап, бақыттан айналған басын түзеп, жан-жағына қарағанда өзінің туған ауылына, бала-шағасының ортасына оралғанын көреді. Көреді де көз жасы мөлтілдейді. Қаншама ғұмыры жаһан кезумен текке кеткенін ұғынады. Күндердің күнінде әркімнің көзінен жас мөлтілдейтін кез болады. Сол жаспен туған жердің топырағын суару да бақыт деп санаймын.

Ұлытауға жете алмай жүрген жандардың біріміз.Жас кезімізде, таза кезімізде жиі баратынбыз. Қазір сирексіттік. Барғымыз да, тазарғымыз да келеді. Бірақ Тау кімді қашан шақырарын өзі біледі…

Ауылда туып-өсіп, адамзат деңгейінде ойлайтын тұлғалар аз емес. Ондай кісілер Ұлытаудан да көптеп шыққан. Әлі де шығады. Сіздер солардың жаңа буын, соны толқыны болсаңыздар деген тілегім бар.

Әр қазақтың кіндігі Ұлытауға байланған. Тек көбіміз сол кіндік шекті тым созып, тіпті, үзіп те алғанбыз. Содан болар, бойымызда – қуат, санамызда тұнық ой аз.

Сіздер сол құтты кіндіктен ажырамасаңыздар екен. Бұл – туған ауылдан ұзама деген сөз емес. Керісінше, көздеріңіз көрмесе де, қиялдарыңыз жеткен жерге жетуге тиіссіздер. Оқу, білім, ғылым қуып, жаңа таныстар тауып, соны сезімдерді бастан кешу үшін әлі талай сапарларға шығасыздар.

Жұмыр Жердің қай нүктесінде жүрсеңіздер де барша мақсат-мұраттарыңыз Ұлытауды қалай көркейтемін, құтты мекенді жұмақ мекенге қалай айналдырамын дегенге сай болуы тиіс. Ұлытаудың ұлылығы сонда, ол өз қойнауындағы, тұңғиық тереңіндегі құпияларының мыңнан бірін де ашуға асығар емес. Өйткені олардың шын сырын түсінер кез жеткен жоқ. Жекелеген адамдар түрлі тереңіне бойлағанымен, тұтас жұрт болып түсіне қойған жоқпыз.

Адамның асыл мұраты – туған өлкесіне жемісті қызмет ету. Осы ұлы мұратқа қызмет ету үшін әркім өзін жетілдіруі тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, білім, еңбек, бірлік керек. Білімі – еңбекке, еңбегі бірлікке ұштасып жатса игі.

Болат Кенел.