Ұлы Жеңіс: Тарихтан тағылым, ұрпаққа аманат
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — тарихқа тағзым, ерлікке мәңгілік құрмет.
1945 жылғы 9 мамыр – адамзат тарихындағы ең қасіретті де, ұлы күндердің бірі. Бұл – фашизмді жеңіп, бейбіт өмірді сыйлаған, ерлік пен қайсарлықтың, бірлік пен ынтымақтың символына айналған күн. Биыл осы Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл мерейлі дата – тек өткенді еске алу ғана емес, ұрпақтың жадына елдің ерлік шежіресін сіңіру, бейбіт өмірдің бағасын түсіну.
Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ халқы да өзінің батырлығын, отансүйгіштігін бар әлемге көрсетті. Майдан даласына 1 миллионнан астам қазақ жауынгері аттанып, олардың мыңдағаны ерен ерлігімен тарихта мәңгілік қалды. Әлия мен Мәншүк, Бауыржан мен Төлеген сынды ұл-қыздарымыздың батырлықтары – ұрпаққа өшпес өнеге. Сонымен қатар тылда аянбай еңбек еткен аналар мен қариялар, балалар да Жеңіске қосқан үлестерімен теңдессіз құрметке лайық.
Бүгінгі бейбіт күн – сол батырлардың, сол еңбек адамдардың маңдай тері мен жанқияр ерлігінің арқасы. Сондықтан Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек мерекелік күн емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік, бейбітшіліктің қадірін ұғына білудің сәті. Бұл күн — біз үшін ата-бабамыздың ерлігін еске алып, олардың рухына тағзым ететін қасиетті күн.
Қазіргі ұрпақтың міндеті – сол ерлікті ұмытпау, бейбіт өмірді бағалау, елге адал қызмет ету. Тарихтан тағылым алып, бірлікті, татулықты ту ету – Жеңістің басты мұраты еді. Сондықтан бұл күн — ұрпақтар сабақтастығын, халықтың бірлігін, елдің тәуелсіздігін тереңнен сезінетін ұлы күн болып қала бермек.
Маржан АХАНОВА,
мұғалім.