Ұлттық тағамдардың пайдасы

Қай заманда, қалай айтылғанына қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін таба білген. Ел мен елді татуластыруды, жақсылар мен жайсаңдарды құрметтеуді, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын, ел дәулетін қазақ кең дастарқаны арқылы яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен.

Мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыздың негізгі асы – ет пен сүт болған. Етті қуырып, асып жеген. Ал сүттен көптеген астар дайындаған. Сиыр, қой сүттерінен құрт, кілегей, қаймақ, ірімшік, сары май тағы да басқа тағамдар әзірлеген. Осы астардың барлығын даярлауды қазақ әйелдерге жүктеген. Қазақ әйелдері тағамдарды жазда да, қыста да бұзбай сақтаудың әдіс-тәсілдерін білген. Олар сүттен жасалатын қаймақ, ірімшік, сары май, шұбат, қымыз, құрт секілді тағамдарды шебер дайындаған. Басқа тағамдарға қарағанда, сүттің алатын орны ерекше. Себебі, сүт және сүттен жасалатын тағамдар денсаулыққа өте пайдалы. Ол ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отырады. Оның үстіне сүт өнімдерінің дәрулік қасиеті де бар екен. Олар емдеу, алдын алу, диеталық тағам ретінде де қолданылады. Ал, жылқының сүтінен әзірленетін қымыздың емдік қасиеті ертеден белгілі. Онда жүректің жұмыс істеуін жақсартатын дәрумендер бар. Сонымен бірге, шұбат та денсаулыққа өте пайдалы екен. Осы астардың пайдасын медицина пайда болмай тұрып-ақ білген ата-бабамыз нағыз данышпан болған десек, артық айтқандық емес. Бұрын қымыз, шұбатын ішіп, құрт-ірімшігін жеп-ақ халқымыз дерттің алдын алған. Ата-бабамыздың алып тұлғалы, батыр да дана болуының бір сыры осы болуы да әбден мүмкін.

Сүттен жасалатын қазақта құрт, қатық ,қымыз шұбат, сүт көже, сүзбе, көбік, ежігей тағы да басқа тағамдар баршылық. Және ол тағамдардың басым бөлігінің қалай әзірленетіні халыққа белгілі.

Алайда таныс емес қазақ тағамдары да қаншама. Соның бірі – ежігей. Ежігей – қой сүтінен дайындалған тағам. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан әзірленетін дәмі тәтті, өзі жұмсақ болатын ас. Бұдан да басқа біз білмейтін ұлттық тағам түрлері көп деп ойлаймын. Негізінен бізде ұлттық тағамдардың ұмыт болып бара жатқаны шындық.

Әлия НЫҒМЕТ, Ақтас кентінің кітапханашысы.