ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҚҰРЫЛТАЙ
Бүгін бүкіл Түркі әлемінің рухани бесігі саналатын Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде былтыр Ұлттың ұлы бесігі Ұлытауда бастау алған құрылтайдың арқаны кеңге салып отыратын жиын емес, кемел ой, айқын мақсаттарымызды таразылайтын бірегей құрылым екенін атап өтті.
«Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет», – деген Президент бүгінгі құрылтай қабылдайтын шешімдер мен межеленетін мақсаттардың тарихи маңызын меңзегендей болды.
Иә, бұл құрылтай қазақтың орманымен бірге арманын жалынға ораған алапат өрттен кейін өтіп отыр. Яғни, бұл жер қызыл сөз, құрғақ уәденің мінбері емес. Құрылтай отырысын өткізуге Ұлытау, Түркістан секілді ұлт тағдырының таразысындай болған тарихи һәм қасиетті жерлердің таңдалуы да кездейсоқтық емес екенін атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тікелей Ұлт руханиятына қатысты сегіз бағытты қамтитын міндеттер мен мақсаттарды қамтыған Президент баяндамасын байыпты бастамалар мен тарихи шешімдердің тұғырнамасы деуге болады.
Халқымыздың тамырлы тарихы мен шерлі шежіресі, ұлттық болмысы мен мәдени мұрасы, ұрпақ тәрбиесі мен ақпарат кеңістігі, мемлекеттік нышандары мен саяси сараптама саласы өзегінен талданып, ұтқыр ой, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды Мемлекет басшысы.
Бұл бағыттардың барлығы – ұлттық идеологияның түп тамыры. Экономикалық тұрғыдан еңсе көтеріп, саяси дамуы реформаланған біздің жүйеге де керегі осы рухани құндылықтар болатын. Бүгінгі құрылтай осыны еңсерді. Ендігі жерде бірлікке ұйысып, берекелі ғұмырға ұмтылуымыз керек!
Нұргүл ШАМАЕВА.