Кітапханада өткен айшықты шара
IV Республикалық «KITAP time-2025» фестивалі аясында Ұлытау аудандық орталық кітапханасында «Кітапхана – үміт пен білім аралы» атты ашық есік күні өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, жастарды рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру болды. Осы мақсатта өткізілген «KITAP time-2025» іс-шарасы оқырман қауымға арналған мәдени ағартушылық бағдарлама негізінде өрбіді.
Әуелі кітапхана әдіскері Сандуғаш Дюсенбаева іс-шараның бағдарламасымен таныстырды. Бұдан кейін аудандық Мәдениет үйінің әншісі Гүлмира Сыздықова «Жолыққан қандай жақсы» әнімен кешті әрлендірді.
Кеш барысында абонемент бөлімінің кітапханашысы Сәния Бірмағанбет Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – білім арнасы, ақыл-ойдың айнасы» атты кең көлемде өткізілген көрмеге шолу жасады.
Шара барысында «Абай ізімен – әдеби саяхат» атты сұрақ-жауап ойындары ойнатылды. №1 Ұлытау тірек мектебінің 5 «Ә» сынып оқушысы Гүлнұр Ысқақ Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін жатқа мәнерлеп оқыды.
Оқу залының кітапханашысы Бақыткүл Бейбутова «Оқитын ел – озық ел» тақырыбында оқырмандармен ашық диалог жүргізді. Сұрақ-жауап тәсілімен өрбіген шарада кітапхана оқырмандары Бибі-Ажар Дәркенбаева, Светлана Омарова және Қарлығаш Абаева өздерінің кітапханадан алып оқыған әдеби кітаптарындағы ойға түйген ойларымен бөлісті. Сонымен қатар балалар кітапханасының кітапханашысы Құралай Төребай мерейтой иелерінің шығармаларына арналған бейнекөріністер және балаларға арналған «Кейіпкерлер әлемі», «Әдебиетке саяхат» атты виртуалды ойындар ұйымдастырды.
Кітапхананың оқырманы №1 Ұлытау тірек мектебінің 6 «Ә» сынып оқушысы Айханым Аманбекқызы «Ана» әнін орындады.
Ұлытау ауданының орталық кітапханасының «Оқитын өлке» жобасы аясында «Алмазды мозайка» тақырыбында ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесін шараға қатысушылар тамашалады.
Шара соңында Ұлытау ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Ниязова сөз сөйлеп, оқырмандарға алғысын білдірді.
Сания БІРМАҒАНБЕТ,
Ұлытау аудандық орталық
кітапханасының
кітапханашысы.