«Kitap time-2024» фестивалі өтті
Жыл сайын республикалық кітап фестивалін өткізу еліміздің барлық кітапханаларында дәстүрге айналған. Биыл да үшінші «Kitap time-2024» республикалық фестивалі Ұлытау ауданының орталық кітапханасында жалғасын тапты. Бұл жолы да фестиваль өз мәнінде өтті.
Іс-шара аясында «Оқитын өлке» жобасы жұмыстарының нәтижесінде «Ескерткіштер-ел тарихы» негізіндегі кітапхана жұмыстарына кітапхана әдіскері Сандуғаш Дюсенбаева шолу жасады. «Ұлттық қол өнер-асыл қазына » атты көрмені кітапханашы Гүлзира Әбдікәрімова жүргізді. Бұдан кейін » Поэзия party» алаңында кітапхананың тұрақты оқырманы Бибіжар Дәркембай өзінің туындысынан «Донор» атты өлеңін оқыды. Бастауыш сынып мұғалімі Данила Байболова, Айдана Дүйсенбай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ғашықпын», «Үш бақытым» атты өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көпшілікті сүйсінтті. «Библиокафе» акциясы алаңында оқырман назарына ұсынылған кітаптарды кітапханашы Құралай Төребай таныстырды. Бұл кітап акциясы Ұлытау ауданының 85 жылдығына арналды. Шара барысында «Бізден сұрақ, сізден жауап» атты виртуалды сұрақтар қойылып жауаптары айтылды.
Ал, «Ән шашу» алаңында мәдениет үйінің әншісі Гүлмира Сыздықова қызы Айғаныммен қосыла шырқаған әні шараның ажарын аша түсті. Өнерпаздар «Ұлытауым», «Алғыс» әндерін тамылжыта орындады. № 1 Ұлытау тірек мектебінің, 7 сынып оқушысы Қарақат Ғалымқызы «Көкке өрле» әнімен көпшілікті тәнті етті. Одан кейін кітапхана оқырмандары библиокафеден кофе іше отырып, тақырып аясында ой бөлісті. Шара соңында кітапхана басшысы Салтанат Ниязова оқырмандарға жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты.
Сандуғаш ДЮСЕНБАЕВА,
Ұлытау аудандық орталық кітапханасының әдіскері.