Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігіне ет өндірісінің көлемін арттыруды тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өткеніне назар аударып, салалық министрлікке енді мал шаруашылығы бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге, мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізу міндеті қойылды. Сондай-ақ шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетігін кеңейту де тапсырылды.

«Егіншілерді тікелей субсидиялау орнына жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткенін айта кету керек. Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруы тиіс», – деді Олжас Бектенов.