Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға әзір – Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді
Премьер-Министр Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Инвесторларды қолдау және Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен қолдана отырып, жаңа буынның жоғары технологиялық өндірістерін бірлесіп қалыптастыру мәселелері қаралды.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша проактивті инвестициялық саясатты енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация ұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін институционалдық құрылым қалыптастырылды: халықаралық сарапшылардың қатысуымен ЖИ дамыту жөніндегі Президент жанындағы кеңес құрылып, Цифрлық штаб жұмыс істейді. Цифрлық кластерді нығайту үшін халықаралық Alem.ai ЖИ орталығы ашылды, сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» мен Astana Hub экожүйесі жүзеге асырылуда. Технологиялық жобалардың ауқымын кеңейту үшін стартаптардың үдеткіші ретінде Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылды. Құны $1 млрд-тан асатын Playrix, Mytona және NetCracker сияқты ірі компаниялар қазақстандық нарыққа енді.

Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған.
Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элементтер саналады.
Бұл ретте Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға ашық әрі табысқа жетуге және еліміздің дамуына ықпал ететін шешімдерді бірлесіп талқылауға әзір, — деп атап өтті Олжас Бектенов отырыста сөйлеген сөзінде.


Премьер-Министр Кеңестің 37-ші жалпы отырысының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу нәтижелерін тыңдады. 2025 жылы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде инвесторлық виза берудің жаңа ережелері бекітілді. Шетелдік азаматтар үшін 10 жылға дейінгі тұруға рұқсат беруді көздейтін «Алтын виза» енгізілді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған «бұлтты» сервистерді пайдалануды реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты жаңа нормаларды түсіндіру және шетелдік тараптар көтерген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.

Кеңестің 38-ші пленарлық отырысына дайындық барысы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстанда цифрлық елге айналу жолындағы құқықтық және технологиялық база қалыптасты: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер дәйекті түрде енгізілуде, отандық тілдік үлкен модельдер мен мемлекеттің цифрлық сервистері дамуда. Басты назарда адами капиталды дамыту және цифрлық кластерді нығайту мәселесі тұр.
