Әкім мен әлеуметтің ашық әңгімесі
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы кезекті жұмыс сапарының аясында Жаңаарқа кентінің халқымен кездесті. Жиынға аудан әкімі Қанат Қожықаев, басқарма және аудандық мекемелердің бөлім басшылары, «Ұлытау» ӘКК АҚ төрағасы қатысты.
Жиналғандарға облыс әкімі ауданда «Нұрлы жер», «Ауыл — ел бесігі» бағдарламаларының аясында кейінгі жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Одан бөлек, аудан халқының әлеуетін арттыруға арналған бірқатар жүйелі жұмыс жайында айтты.
Атап айтар болсақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаарқа кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Биыл аталмыш бағдарлама мен облыстық бюджет есебінен Ынтымақ, Ералиев, Ынталы, Байдалы би, Ақтайлақ, Түгіскен, Талдыбұлақ және Ақтау ауылдарының ішкі жолдары орташа жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ Орынбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді, Бұдан бөлек, Жаңаарқа кентінде ескі «Мейір» ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, емхана ретінде тұрғындар игілігіне беру жоспарланып отыр. Байдалы би, Бидайық және Ынталы ауылдарында ФАП құрылысы жүргізілуде, нысандарды жыл аяғына дейін тапсыру жоспарланған.
Кездесу барысында бірқатар басқарма басшылары өз салаларына қатысты қысқаша баяндама жасап, тұрғындар сауалына жауап берді. Жаңаарқалықтар жол, жарық мәселесі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алу, интернет, ұялы байланыс желілерінің сапасы, ауданда кәсіпкерлікті дамыту, мал басын көбейту, медицина, білім салаларына қатысты сұрақтарын жолдады.
Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына бас аяғы 13 адам жазылды. Азаматтар тұрғын үй мәселесі, оңалту орталығын ашу, ерекше күтімді қажет ететін адамдар спортпен айналысатын орын ашу, жер мәселесіне қатысты сұрақтарын жеткізді.