Әкім Айыртауда болды

Өткен аптада аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Айыртау елді мекенінде болып, ондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен, ол жерде салынып жатқан медициналық пункттің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталмыш емдеу мекемесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын елді мекендердегі тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімді болуы үшін берген тапсырмасы негізінде қолға алынды. Нысанның құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілмекші.

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында болған жұмыс сапары барысында аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы Айыртау елді мекенінің тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Туғанай Асқарова, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған, еңбек ардагерлері Бейсенкүл Досмағанбетова мен Рыскүл Сейдалиеваның шаңырақтарына арнайы барып, сәлем беріп, құрмет көрсетті.

– Біз әрдайым сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді жадымыздан шығармаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды әрдайым бүгінгі буынға өнеге етіп келеміз. Сіздер арқылы ауданның барша ақжаулықты аналары мен қыз-келіншектерін мерекемен құттықтаймын, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Арнайы құттықтап келген аудан басшылығына ризашылығын білдірген ардагер аналар елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.