Кәсіподақ белсенділері марапатталды

Жезқазған қаласындағы Кәсіподақтар үйінде кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, онда саланың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді азаматтар марапатталды. Шараны ғимарат басшысы Жеңісбек Медебаев ашып, еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының тарихына тоқталып, еңбек адамын қолдау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Жиынға «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов арнайы қатысып, марапат иелерін құттықтап, кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақ – еңбек адамының құқықтарын қорғап қана қоймай, әлеуметтік серіктестіктің басты тірегі болып отыр.
– 120 жылдық тарихы бар кәсіподақ ұйымы – елдің еңбек мәдениеті мен бірлігінің көрінісі. Бүгін марапат алған азаматтар – осы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген нағыз кәсіби мамандар», — деді филиал төрағасы.
Шара барысында Ұлытау облысы бойынша бірқатар азаматтардың еңбектері еленіп, салалық марапаттармен наградталды. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ Ұлытау облысы бойынша өкілі Шаяхмет Үмбетов «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Бұл награда кәсіподақ жүйесіндегі ұзақ жылғы белсенді қызметі мен өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайтуға қосқан үлесін бағалаудың белгісі болды.
Сондай-ақ, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ұлытау облысы бойынша инспекциясы мекемесінің басшысы Жанғозы Иса «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісіне ие болды. Жанғозы Әбікенұлының мемлекеттік қызмет пен кәсіподақ арасындағы өзара әріптестікті үйлестірудегі еңбегі ерекше атап өтілді.
Салтанатты жиын барысында кәсіподақ өкілдері елімізде еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті қолдау мәселелеріне назар аударды. Тарихы 120 жылға созылған кәсіподақ қозғалысының бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпай келе жатқаны айтылды.

Аманкелді АҚШАЛ.