Күн тәртібінде – өзекті мәселелер

Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс ХХ сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов тізгіндеген мандат иелерінің басты жиынына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов, мемлекеттік мекемелер басшылары және БАҚ өкілі қатысты. Кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы байланыста болды.

Сессияда Ұлытау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 5 наурыздағы №109 «Ұлытау ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, сондай-ақ, «Ұлытау ауданы бойынша халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» мәселелер талқыға түсті. Оларға қатысты хабарламаны тиісті салалық бағыттағы мемлекеттік бөлімдердің басшылары жасады.
Бұдан кейін депутаттар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовтің хабарламасына құлақ түрді. Ол «Ұлытау ауданының округтік сайлау комиссияларының жаңа құрамын сайлау туралы» Ұлытау аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы XXVIII сессиясының № 200 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселені ортаға салды.
Сонымен қатар, сессия барысында «Ұлытау ауданы көлемінде жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру мәселелерін қарайтын жер комиссиясын және Ұлытау ауданы көлемінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жер комиссиясын құру туралы», «Ұлытау аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы ХII сессиясының «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы» №84 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және басқа да ағымдық сипаттағы мәселелер қаралды.
Сындарлы талқылаудан кейін күн тәртібіне шығарылған мәселелерге қатысты шешімдер қабылданды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.