Инфляция деңгейін төмендету: Олжас Бектенов әкімдерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру құралдарын қолдануды тапсырды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының инфляцияны төмендету бойынша алға қойған міндеті аясында өңір басшыларының назарын осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігіне аударды.

Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін, алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр.

«Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек»,

— деп атап өтті Премьер-Министр.

Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.