Фестиваль жеңімпазы атанды
Ақмола облысы ЩучьеБурабай курортты аймағында өткен мәдениет саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына -2021» фестивалінде Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің бөлім меңгерушісі Үрзия ҚАПАРОВА «Үздік ауылдық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, жерлестерінің мерейін өсірді.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған конкурсқа ел аумағындағы музейлерден көптеген білікті мамандар өз жұмыстарын ұсынып, бақтарын сынағаны айтпаса да түсінікті.Осы тұрғыдан алғанда, кіл дүлдүлдер мен жүйріктер қатысып, әрқайсысы жеңістен дәмелі болған бәсекенің бәсі тым биік екендігі тағы күмәнсіз.
Музей қызметкерлерінен түскен жобаларды сараптау тобына Мемлекеттік Орталық музей басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, этнолог-ғалым Нұрсан Әлімбай, «Бозоқ» тарихи-мәдени музей кешенінің басшысы Сәуле Бөрібаева жетекшілік еткен екен.
– Дүбірлі додада бақ сынап, нәтижесінде алдыңғы лектен көріну, әрине, оңай іс емес. Қобалжу да, толқу да болды. Шынымды айтсам, бұл тек менің ғана емес, біздің музей ұжымының ортақ жетістігі, – дейді жеңімпаз ретінде Мәдениет және спорт министрінің арнайы дипломымен марапатталып, сомасы 500 мың теңгені құрайтын қаржылай жүлдені иеленген Үрзия Қоянбайқызы.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
ЖЕЗДІ кенті.