Ерлан Карин: Ведомстволық наградаларды ретке келтіру керек
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысында Мәдениет және ақпарат министрінің, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің есебі тыңдалды.
Республикалық комиссия бірқатар мемлекеттік органның жаңадан үш ведомстволық награда енгізу жөніндегі ұсынысын қолдамады.
Осы орайда Мемлекеттік кеңесші: «Ведомстволық наградалар саласын ретке келтіру керек. Біріншіден, ведомстволық награда түрлерін көбейтудің қажеттілігі жоқ. Қайта оны терең зерделеп, марапаттарды оңтайландыру керек. Екіншіден, әрбір мемлекеттік орган үшін ведомстволық наградалардың квотасын белгілеу қажет. Үшіншіден, орталық мемлекеттік органдар басшыларының ведомстволық наградалар саласына қатысты жеке жауапкершілігін арттырған жөн», – деп атап өтті.
Ерлан Қарин мемлекеттік, ведомстволық және қоғамдық марапаттар саласында мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатқанына назар аударды.