Еліне сыйлы азамат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандардың беделін көтеру мақсатында биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы ретте, еңбекқор жұмысшылардың еңбегін бағалау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ал, «еңбекқор» деген атақ кез-келген адамға жайдан- жай теліне салмайды. Оның еліне, жеріне сіңірген еңбегіне қарап, көпшілік «еңбекқор» деп атайды. Сондай азаматтың бірі – №14 Алғабас орта мектебінің бесаспап жұмыскері Назымбек Бимолдин.
Ол халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтап жүрген қайырымды азамат. Оны өмір шыңдады, еңбек есейтті. Адал еңбегімен ел алғысына бөленуі де сондықтан Назымбектің өмірі өнегеге толы . Ғұмыр соқпағында талай қиын-қыстау күндерді басынан өткерсе де еңбекқорлығының арқасында ешқашан мойымады. Алға ұмтылды.
Назымбек Ескермесұлы 1964 жылы Алғабас ауылының Ақсай қыстағында туған. Ол өз өмірін елдің гүлденуіне, халықтың әл -ауқатын арттыруға арнады. Осылайша, Назымбектің тамырындағы қайсарлық пен өміріндегі ептілік бір арнада тоғысып жатты. Мектеп бітірісімен «Балауса» жастар бригадасының құрамында болып, қатарластарымен бірге қой бақты. Бұл – 1981 жылы болатын. 1982-1984 жылдары Тоцск қаласында Отан алдындағы борышын ойдағыдай аяқтап келіп, кеңшар жұмысына қайта араласты. Сол кездің өзінде ауылдың қам-қарекет ісіне білек сыбана кірісті. Алғашқыда кеңшарда механизатор болды. Кейіннен 1986-1989 жылдары Талғар техникумында оқып, электрик мамандығы бойынша диплом алды. Тоқсаныншы жылдардың басында Балқаш ауданының Бақанас кеңшарында электрик болып, еңбек етті. Бертін келе туған жері Алғабас ауылына қайта оралып, бас энергетик қызметін атқарды. 1994 жылдан бастап, осы күнге дейін жоғарғыда аталған білім ордасында күзетші, әрі от жағушы жұмыстарын қоса атқарып жүр.
Кешегі Кеңес дәуірінде де Назымбек бейнеттің бел ортасында болды. Кеңшарда механизатор болып, шөп те шапты. Әкесіне көмектесіп, мал да бақты. Қысқасы, ауылдың барлық жұмысына етене араласты. Ауыл жұмысының ауыртпалығын біркісідей көтерді. Кейде сол күндерді еске алса, бейнебір кино таспасындай көз алдынан тізбектеліп өтіп жатады. Қалай айтсақ та, ол – еңбекқор жан. Қай салада еңбек етсе де, тиянақтылығымен көзге түсіп ел құрметіне бөленіп жүрді. Бұл – оның еңбекқорлығының арқасы. Жасынан еңбекке ерте араласқанының нәтижесі. Ол туралы ауыл азаматтарының «жақсы» пікірлері де жетерлік. Бәрі бірауыздан Назымбекті «еңбекқор» деп айтады. Оның еңбекке бейімділігі отбасынан бастау алған. Әкесі Ескермес ұзақ жылдар бойы аға шопан болып, балаларына еңбек етудің қыр-сырын үйретті. Балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Қазір Назымбек те ұлдарын осы жолмен тәрбиелеуде.
Назымбектің зайыбы Гүлмира Сәбитқызы да №14 жалпы білім беретін Алғабас мектебінде 1997 жылдан бері қызметте. Екеуі де еңбек игілігімен ел құрметіне бөленген жандар. Ауылдастары Назымбекті «Назеке» деп ерекше құрмет тұтады. Бұл кісі көп сөзге жоқ, сөзден гөрі іске бейім тұратын еңбек адамы. Қызу еңбек пен отбасының береке-бірлігін сақтап келе жатқан қарапайым азамат.
Қазір Назымбек пен Гүлмира екеуі Алланың берген үш ұлынан екі немере сүйіп, ардақты ата мен аяулы әже атанып отыр. Міне, осындай ел ішіндегі еңбекқор жандар жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбегі еленіп, марапатқа ие болып жатса, ол да артық емес. Еңбектің бағаланғаны, талай жылғы маңдай терінің өтеуі. Сондықтан, біз осы мақалада жұмысшы еңбегін жария етіп отырғанымыз сол. Қарап отырсақ, кейіпкеріміз Назымбек Бимолдин еңбегімен елге сыйлы жан. Өмірі мен еңбек жолы өзгелерге өнеге боларлықтай адам. Абырой мен құрметін адал еңбектен тауып жүрген азаматтың өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі болмақ.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.