Елдік пен ерліктің мерейлі мейрамы
Ұлт ұясы атанған қарт Ұлытау тағы да ел тарихындағы ерекше сәттің куәсі болды. Кешегі Үш жүздің басын қосқан қасиетті орда бүгінде бірлік пен ынтымақтың символына айналып отыр. Биыл Ұлытау төрінде тәуелсіз мемлекеттің ұлық мерекесі – Республика күні бастау алып, елдік рух пен егемендіктің мерейін үстем етті. Бұл күн – өткеннің өнегесін, бүгіннің берекесін, болашақтың нық қадамын айқындаған тарихи белеске айналды.

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
ҰЛЫТАУДАН БАСТАУ АЛДЫ
Республика күніне арналған салтанатты шара дәл осы қасиетті өлкеден бастау алып, елдік пен бірліктің, рух пен патриоттықтың мерекесіне айналды. Әулиетаудың баурайынан орын алған «Рәміздер алаңында» Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Әуезді Әнұран шырқалып, көк аспан төрінде желбіреген байрақ – Тәуелсіз елдің айбыны мен азаттығын айғақтағандай әсер қалдырды.
Бұл күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінде егемендік рухын асқақтатар ерекше мереке.
Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, елдік мәні зор жиында тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде Республика күнінің Ұлытау үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Орайы келгенде айта кетейік, «Рәміздер алаңы» – 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынған болатын. Елдік пен отансүйгіштікті дәріптейтін маңызды нысан бүгінде өңір тұрғындары үшін рух пен бірліктің киелі мекеніне айналып келеді.
ЕЛ ДАМУЫНА СҮБЕЛІ
ҮЛЕС ҚОСҚАНДАР
Республика күніне арналған сән-салтанатпен жиын облыс орталығында да өтті.
Оған өңір басшысы Дастан Рыспеков қатысып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға мемлекеттік және салалық наградаларды табыстады.
Бұл күні еңбегімен елге танылған, туған жерінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың есімдері ерекше аталды. Соның ішінде Ұлтау өңірінің абыройын асқақтатқан тұлғалар да бар. Атап айтқанда, биология ғылымдарының докторы, ұстаз Шарипа Сағадиева – еліміздің білім мен ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал, халық денсаулығын қорғау ісіне зор үлес қосқан дәрігер Ақзейнеп Наурызбаева – «Шапағат» медалін иеленді.
Туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосқан аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов – «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталса, есеп және қаржы саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен ардагер, мемлекеттік қызметкер Қуанышбек Байтенов – «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін алды.
Бұл марапаттар – ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп, туған жердің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің айғағы.
ЕЛДІК РУХ АСҚАҚТАҒАН ҰЛЫТАУ
Облыс орталығында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Дастан Рыспеков бұл мерекенің өңіріміз үшін маңызы ерекше екенін айрықша мән бере айтты.
– Республика күні – халқымыздың мемлекеттілікке деген берік сенімін, елдік идеяның мәңгілігін айқындайтын қасиетті күн. Бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны ерекше. Өйткені, дәл осы жерде 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткенін барлығымыз жақсы білеміз. Бұл – Ұлытауға және жалпы өңірімізге көрсетілген айрықша құрмет пен сенімнің белгісі. Сол тарихи жиында Мемлекет басшысы Республика күнін Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртатынын жариялап, егемен еліміздің жаңа дәуірге бағыт алғанын паш еткен болатын. Сондықтан бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны ерекше, – деп атап өтті өңір басшысы өз сөзінде.
Мерекелік рәсім барысында Дастан Рыспеков Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлеріне, түрлі сала үздіктеріне «Құрмет», «Парасат» ордендерін, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын, сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының және Ұлытау облысының Құрмет грамоталарын, көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын салтанатты түрде табыс етті.
Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар мерейлі концерттік бағдарламаға ұласты. Өңір өнерпаздары мен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы әуезді ән мен күй елдік рухты асқақтатып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
