Ел тарихындағы көне кешен

Ұлытаудағы Едіге тауының солтүстік-батыс етегінен бір шақырым жерде Айбас дарасы бар. Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, Айбас дарасы мазары б.з.б. ХІІІХІ ғасырда сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады.

Археологиялық нысандардың басым бөлігі Айбас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Әр кезеңге жататын ескерткіштерден – неолит дәуірінің тұрағынан бастап қола дәуірінің белгісі екені нақтыланған. Сол дәуірден қалған үлкен бейбіт қола дәуірі зираттарының орталығына салынған. Бұл тік төртбұрышты тас ғимарат жерлеу нысаны қызметін атқарған. Тас қабырғаларының ұзындығы – шамамен 12 метр, көлденең қаланған ірі тас тақталардан тұрғызылған. Ғимарат қабырғаларының биіктігі – 0,6–1,2 метр. Сыртқы қабырғалары мықты болу үшін іргесіне лай араласқан ұсақ қиыршық тас төгілген, ірі гранит блоктармен қаланған орталығында үлкен тас жәшігі орналасқан. Жәшік пен қабір аралығындағы кеңістікті жеке трапеция түріндегі бөлімдерге қалқалар бөліп тұр. Бөлімдері еден таспен төселген, іші топырақ аралас тастармен толтырылған. Қоршаулы обаға жанастыра салынған жерлеу орны бар. Жерден бастап тастардың арасындағы жігіне саз балшық ерітіндісі пайдаланылып қаланған. Төменгі қатарына ірі тақта тастар орналастырылған. Бұрыштарын байланыстыру үшін ұзын жұмыр тастарды қолданған. Құрылыс материалдарына жергілікті шикізатты пайдаланған. Құрылыстың бүйір қабырғалары дүниенің төрт тарабына бағытталған. Ішкі қабырғалары ортадағы төртбұрышты тас қабірге барып тіреледі. Олардың ішінде құрбандық шалу т.б. әртүрлі жоралғылардан қалған мал сүйегі, қыш ыдыстар мен күл-көмір қалдықтары сақталған.
Ескерткіш 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмысы барысында Ә.Х.Марғұланның басшылығымен ашылады. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын кесене мен оған жақын орналасқан бірнеше жерлеу қорымдарында зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Зерттеу нәтижесінде табылған қыш ыдыстар ең үлкен коллекциялар қатарына жатады. Табылған қыш ыдыстардың пішіндері әртүрлі. Оның жартысы бүтін. Жұқа қабырғалы және бай өрнектелген қыш ыдыстар Орталық Қазақстандағы осы кезеңнің ірі мазарларынан табылған ыдыстарға ұқсас.
Зерттеу барысында, мұнда адам қаңқасы мен жануарлар сүйектерінің қалдықтары табылды. Қорған-қоршауындағы ең маңызды олжалардың бірі – күрделі құрамды әшекейленген алтын білезік. Оны ежелгі өнердің көрнекті үлгісі деп атауға болады. Алтын білезіктің қайырылған іші қуыс келген екі шеті (ұзын және қысқа бөлігі) бір-бірімен өзара қалыңдатылған бастиек арқылы біріктірілген. Түтікше ұштарының екі жағында кішкентай алтын шеге сақталған, олар бәлкім ағаш немесе сүйектен жасалған білезіктің негізін бекітуге арналған. Білезіктің ұштары сызылған үшбұрыш түрінде өрнектеліп әшекейленген. Металдың өзі алтын түстес қола және жарқыраған алтын – бұл мағынаны айқындап тұрғандай. Білезікті спектрлік талдау оның құрамы 83% алтыннан, 13% күмістен және 1% мыстан тұратынын көрсетті. Қабір іші отпен аласталған. Ортасында от жаққан орын бар. Айбас дарасы мазары Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ең жарқын ескерткіштерінің бірінен саналады. Бұл туралы кейінгі зерттеулерде де бүгінгі археолог ғалымдар да жазып-айтып келеді.
Айбас дарасы туралы айтқанда, мына бір мәселе де көңіл төрінен көріне қалады. Ол осы дараның қалайша Айбас атымен аталғаны кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Шынында да Айбас кім? Нақты мәлімет қолда болмаса да ел ішіндегі атадан балаға жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелерде Айбас батыр болған, Айбас ел басқарған және данагөй, ақыл иесі дегенді көнекөз қариялар көп айтатын. Әрі-беріден кейін Айбас батырдың аты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанында ерекше орын алып айтылады. Онда Бақалы, Балдырғанды көлі, Балталы – Бағаналы сияқты елдің аты атауына қарағанда қос ғашықтың Ұлытауда болғаны айқындалады. Оған осы жырдағы аталған Бақалы, Балдырғанды екі көлдің Айбас дарасының қарсы беткейінде алып жатқанын айтсақ болады. Осы екі көл кейінде Сегізбай, Тоғызбай атты екі байдың атымен аталғандығын ұлытаулықтар айтып келеді. Демек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына енген Бақалы, Балдырғанды көл біз айтып отырған Айбас дарасының алдында тұр. Олай болса, Қозы менен Баянның жанашыры болған Айбас батыр осы жерде өмір сүруі ешкімді де таңқалдыра қоймасы белгілі. Батырын ұмытпау үшін дараны мекен еткен батырдың атымен бұл жерді Айбас дарасы деп атаса керек. Осылай айтсақ, Айбас дарасындағы мазарының негізгі нысаны біз үшін ең құндысы да ықылым заманнан сыр шерткен қоршаулы обалар деп айтуымызға толық себеп бар. 2004 жылы нысанды археологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын Ж. Құрманқұлов пен С.Ишанғали басшылығымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қайта бастайды. Жұмыс мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы барысында жүргізіледі. Нәтижесінде бірқатар бұйымдар табылған. Айбас дарасы ел тарихының ежелгі мұраларының ішіндегі ең көнелердің бірі болып табылады. Бүгінгі ұрпаққа ол осынысымен де құнды болып қала бермек.

Жасұлан Аяшев,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің кіші-ғылыми қызметкері.