Ел намысын қорғағандар құрметке бөленді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында еліміздің намысын қорғаған спортшылар Ұлытау облысы əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ қабылдауында болды. Өңір басшысы «Ұлы дала дүбірінен» оралған азаматтарға алғыс білдіріп, ынталандыру қаражаты сертификатын табыс етті.

Атап айтар болсақ, додада ашыртмалы аба гюрешинен күміс жүлдеге ие болған Ғалымов Айдос Қайратұлы Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, 700 мың теңгелік ақшалай сертификатқа, ал мас-рестлингтен қола жүлдегері Бірімжан Асылмұрат Нұрболатұлы, 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл тұрғыда бапкерлер де марапатсыз қалмады. Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен Ғалымов Айдостың жеке бапкері Барменов Асыл марапатталып, 350 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Өңір басшысы Бірімжан Асылмұраттың жеке бапкері Əбдіхамит Асқарға да Құрмет грамотасын табыс етіп, 250 мың теңгелік ақшалай сертификатпен ынталандырды.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындарына Ұлытау облысынан спортшылар, бапкерлер, керуен мүшелері, өнерпаздар, қолөнершілер, гид мамандары, ұйымдастыру алқасының мүшелері, жалпы саны 150-ге жуық азамат тікелей қатысты. Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан жəне негізгі элемент Су болды. Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінің қасиетті бұлақтарынан ашылу рəсіміне апарылатын Су алынды. «Бірлік керуені» жобасы аясында құрамында «Батыр қыз» жəне 10 елшіден құралған облысымыздың өкілдері Ұлытаудағы Тасбұлақтан су алып, оны этноауылдың ашылу салтанатында «Тайқазанға» құю рəсіміне қатысып, өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып келді. Сондай-ақ, іс-шара аясында Астанада «Көшпенділер əлемі» этноауылы бой көтеріп, Ұлытау облысы 3 киіз үйін тікті. Онда əрбір келуші қонақтарға қазақ халқының салт-дəстүрлері қойылым ретінде ұсынылып, туристерге облысымыздың тарихи-мəдени орындары таныстырылды. Одан бөлек, біздің киіз үйлердің қонақтарына арнап 80-ге жуық көне жəдігер экспонат қойылды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.